– Құрманғазы ауылдық округі, Мағзом Ғилаев көшесіндегі №7 көп қабатты үйдің 40 жылдан бері тұрғынымын. Бүгінде бұл тұрғын үйдің адам тұратындай сиқы жоқ.
Төбесі тесіліп, күн суықта үй ішіндегі салқын ылғалдан төрт қабырғамыз көгеріп, талай сырқатқа да шалдықтық. Тіпті, жуынарға су да, қоқыс төгетін жері де жоқ. Қанша жылдан бері жағадан шелектеп су тасыдық, бүгінде беліміз бүгіліп, зейнет жасына толған соң оған шамамыз келмейді. Бұл нысанды паналайтын 16 түтін жиналып, қалтамыздан қаржы шығарып, сараптама жұмысын да жасаттық. 1970 жылы бой көтерген әбден тозығы жеткен үй жөндеуге мүлдем жарамсыз. Басымыздағы жайтты жасырмай айтып, қанша жердің есігін қағып, дәлізін тоздырдық. Бірақ, жанайқайымызға құлақ түрер ешкім жоқ. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 60 пәтерлік тұрғын үйден баспаналы болсақ деген арманым бар. Мазамызды қашырған мәселенің түйіні қайткенде тарқатылмақ?
Дара Рахметуллина,
зейнеткер, «Алтын алқа» иегері
– Құрманғазы ауданы бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегінде 17.05.2021 жылдан бастап «Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрсыз. Қазіргі кезегіңіз №12. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94 «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үймен жергілікті атқарушы органдарының тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қамтамасыз етіледі және аталған Заңның 74 бабының 3 тармағына сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй кезекпен беріледі. Осының негізінде, қазіргі таңда сізді тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ. 2021 жылғы 15 қазандағы №06-07-10-1/1218 Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппаратының хатына сәйкес, Құрманғазы ауылдық округінің теңгерімінде бос тұрған үй жоқ екендігін қаперіңізге береміз.
Болатбек Сисатов,
аудан әкімінің орынбасары