Бөкейхан ауылдық округінде 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «Әйелдің бәрі әдемі» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Ұлттық киіммен бізді қарсылаған Жүсіп Сүлейменұлы: – Біз өзіміздің қазақы салт-дәстүрлерімізді қадірлеуіміз қажет. Сонда кейінгі жастар үлгі алады. Мен мамандарыма наурыз біткенше осылай ұлттық киіммен жүруді тапсырдым, – деді бізбен әңгімесінде. Орынды-ақ. Ою-өрнегі төгілген ұлттық киімдерімізді осындай мерекелерде кимегенде қашан киеміз?!
Ауылдық клубта өткен шараға ардақты әжелер, аналар, мекемелерде жұмыс жасайтын қыз-келіншектер ғана шақырылыпты. Барлығының да көңіл-күйі көтеріңкі. Округ әкімі Жүсіп Төреғалиев жылда бір келетін шырайлы мерекемен құттықтап: – Әлем аналармен көрікті. Сіздер әрбір үйдің шаңырағының түтінін түзу шығарып, отбасының ырыс-берекесін келтіріп отырсыздар. Алыпта, ақын да, әкім де анадан туады. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», деп бекер айтылмаған. Өздеріңізге арнап жыр жазбаған ақын, ән арнамаған сазгер жоқ болар. Қылқалам шеберлері де нәзік жандардың хас сұлулығын шығармашылығына арқау етіп алып, күллі әлемге әйгілейді. Әрбір шаңырақтың сәні мен мәні өздеріңіз. Сол себепті сіздер қандай құрметке де лайықтысыздар, – дей келе әр отбасында ырыс пен береке, бақыт пен амандық бола берсін деген ізгі тілегін жолдады. Өзі бастап, мамандарымен бірге қатысып отырған әйелдер қауымының баршасына гүлдер табыс етті. Осыдан кейін сахна төріне көтеріліп, округ әкімінің Құттықтау хаттарын Сәуле Қалиева, Назипа Ешимова, Мапиза Демесінова, Данеш Өтепова, Настя Дәулеталиева, Балғаным Еркебаева, Қазима Сабитова, Рысханым Шукаева, Дария Жұмаева, Нейла Темірова, баламен зейнетке шыққан Гүлфара Бисембаева, Гүлбаршын Еркебаева, мекеме қызметкерлері Гүлбаршын Қисметова, Жамал Ибраева, Мапруза Бисенбаева, Тамара Жалелова, Мауия Илюсинова, Гүлшат Майтанова, Гүлжан Хасанова, Алтынай Баярисова, Гүлшахар Истуллинаға табыс етті. Шараның ресми бөлігі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Сыртта көктем шуағын төксе, іште «Жұлдыз-ай» би тобы, С.Сайфеденов, Ж.Кенжеғалиев, Г.Ниязова, А.Дәрменбаева, Нұрлан Муфтоллаұлы, баянмен сүймелдеген Николай Петрұлы асыл аналар мен абзал аруларға арналған ән-билерден қатысушыларға шашу шашты.
Қанат ҒҰМАРОВ