Әйел кәсіпкерлердің іскерлік бастамаларына қолдау білдіру мақсатында ауданда облыстық іскер әйелдер қауымдастығы «Бизнес және әйел» секциясының «Әйелдер микробизнесте» атты давос форматында шағын бизнесте жүрген жандармен кездесу өткізілді.
Шараны жүргізген секция жетекшісі, жеке кәсіпкер Эльмира Жанбалаева оның мақсат-маңызымен таныстырды.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков ел экономикасында іскер қыз-келіншектердің алар орнына тоқталып, кәсіпкерлікті ұйымдастыру, дамыту бағытындағы түсіндірмелік жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қауымдастықтың Исатай аудандық филиалының төрайымы, «Ақжан» жеке кәсіпкерлігінің директоры Ақмарал Тахаева жиналғандарға өз кәсібін алғаш қалай ашқанын, дамытып кеңейткенін, алдағы мақсаттары, жалпы ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыру туралы ұғынықты тілмен баяндап берді. Бала күнінен тәттілерді пісіруді жаны қалайтын «Take the Cake» кондитерлік студиясының иесі, «Jupar» мейрамханасының директоры Айгерім Аташева алғашында ғаламтордан үйреніп бастағанымен кейіннен Мәскеудегі «VIP-Masters», Атыраудағы «Business Practicum» және ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлерге арналған «Startup-Академия» курстарының көп көмегі болғанын айтты.
«Sungat-S» ЖШС, «Ануарбек», «Зима-Лето» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Қарагөз Жамишева тендермен қосымша табыс табу, «West Money» ЖШС директоры Салтанат Жексенова кәсіпкерлік саласындағы мотивациялық факторлар, «FB Consulting» ЖШС директоры Жанна Меңдіхан қаржылық және құқықтық сауаттылық, инвестиция мен капиталды басқару бағытындағы мәліметтермен бөлісті. «Sairan Consulting» ЖШС құрылтайшысы әрі басшысы Шынар Сайран салық режимдері мен оның жеке кәсіпкерлерге жеңілдетілген түрі, бөлшек сауда салығының мөлшерлемелері, мобильдік аударымдар мен оны тексеру бойынша түсініктер берді.
Облыстық мәслихат депутаты, «Самғау» жеке кәсіпкерлігінің басшысы, аудандық кәсіпкерлік кеңестің мүшесі Зәмзагүл Карсакова «Бизнес және әйел» секциясының көшпелі кездесуін өткізіп, көп малұматтарға қанықтырған ұйымдастырушыларға, спикерлерге ризашылығын білдірді.
Айбек НӘЖІМОВ