Үйдегі көңілді базардағы баға бұзып тұр

(0 Votes)

Базарлар мен дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасы жылдың әр кезеңінде мың құбылып, тұрақтылығын сақтап отырмайтыны белгілі.

Қазіргідей қыс маусымында тұста тіптен де қымбаттай түсетіні айдан анық. Осыған орай сауда-саттықпен айналысатындардың айтар уәждері алуан түрлі болып келеді. Бұрындары «жанармай қымбат» дейтін еді, енді «жалға алып отырған жайдың орынақысы өсті», «сырттан әкелетіндіктен тасымал шығыны көп», «рубль көтеріліп кетті» болып келетін сылтаулардың қатарына енді «Қытаймен шекара жабылды» деген желеулер қосылмаса игі. Кейбірімен келісуге де болады, өзімізде өндіріс орындары жоқтың қасы, бар қажеттіні көршілес Астраханнан тасимыз. Ресей ақшасы да біртіндеп білдіртпей тұрақты өсіп, 6 бірліктен асып жығылды. Осының өзі базар бағасының қымбаттауына әкеліп соқтырғаны өзінен-өзі түсінікті жайт.

Тұтынушылардың қалтасына едәуір салмағын салатын бұл келеңсіздіктің алдын алуда аудан әкімдігі қол қусырып отырды деуден аулақпыз. Бұл мақсатта біраздан бері аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі жанынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандырудың мониторингі жұмыс жасайды. Апта сайын рейдтер ұйымдастырып, базар бағасын бақылап, орынсыз көтерілмеуін қадағалап отырады. Қараша айының басында тұрғындар көп баратын орталық «Серпер» базарында, «Мерей» дүкендер желісінде, Р.Махаеваның жеке кәсіпкерлігінде болып, жекелеген азық-түлік тауарларының бағаларына талдау жүргізді. Жиі тұтынылатын қанттың келісі 170-190 теңге, пастерленген сүттің әр 1 литрлік данасы 220-260 теңге, кефир-айран 300-320 теңге, сүзбе 500-550 теңге, өсімдік майы 350-480 теңге, сары май 500-540 теңге, жұмыртқаның 10 данасы 280-310 теңге, тұздың келісі 50 теңге, күріш 240 теңге, қарақұмық 220-250 теңге аралығында сатылымда екені белгілі болды.

Картоп пен пияздың келісі 120-150, сәбіз бен капустаның келісі 150-200 теңгеден тұтынушыларға ұсынылу үстінде. Бұл қазіргідей күзгі жиын-теріннің уақытындағы төмен бағалардың бірі. Сондай-ақ, дүкен сөрелерінен әзірге тиімді бәсіне қызанақ-қияр, басқа да бақшалық өнімдерді кезіктіреріңіз анық. Дейтұрғанмен бұл уақытша ғана жағдай, өйткені бірер аптада өзіміздің диқандардың жинаған өнімдерінің қоры сарқылары сөзсіз. Тағы бір атап өтер жайт, аудан көлемінде көкеністерді сақтайтын қойманың жоқтығы да бұл іске жығылғанның үстіне жұдырық болып тұрғаны жасырын емес. Ерте көктемде жерді жыртып, егін саламын, бау-бақша өсіремін деген шаруагерлердің де қатары жылдан жылға кеміп барады, әр округтегі бірен-саран бел буып кіріскендердің өндірген өнімі егін маусымының басына жетіп, аяғына жетпейді. Қысы-жазы өнім беретін жылыжай дегендердің бізде аты бар да заты жоқ.

Етке келсек, қолжетімді деген құс еті аудан тұтынушыларына әр өңірден тасымалданып әкелінеді. Соған сай бағаларының да көтеріңкі келетіні бесенеден белгілі жайт. Түрлі сұрыптары бойынша 790-850 теңге аралығында. Жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда 15-20 пайыздан өскені байқалады. Бұл мәселенің де оңтайлы шешілетін күні алыс емес екеніне қуанып қалып жатырмыз. Заманауи технологиямен жабдықталған құс етін өңдеп шығаратын «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің өндірістік орны іске қосылды. Қазіргі уақытта жоспарланған құрылыс жұмысының 90 пайызы аяқталды. Цех жанындағы 1 құс фермасы 10000 бас тауықпен қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта тағы да осындай үш ферма салу жоспарлануда. Әзірге алғашқы өнімдер келісімшарт негізінде бюджеттік жабық мекемелерге беріліп, «Серпер» базары арқылы тұрғындарға ұсынылуда. Өндіріс басында жұмысшы-қызметкерлер үшін ыңғайлы шағын жатақхана, асхана салынған. Болашақта вахталық әдіспен 21 адамды жұмыспен қамтиды.

Қазақтың етті көп тұтынатыны жайлы әзілі бар, шыны бар әңгіме көп. Десе де әр ауылдастың қазанында жеңсік ас күнде қайнап жата ма? Қазан асы мен қыстық соғымды айтпағанның өзінде күнделікті ішіп-жеміне қажетті етті базар сөрелерінен сатып алып отыруды қызылсырағандардың қайсыбірінің қалтасы көтере беруі неғайбыл?! Сараптамалық материал дайындау барысында аралап шыққанымызда «Серпер» базарының ет павильонында, «Құрманғазы СДО» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің сауда нүктелерінде, «Ет әлемі» дүкенінде қой етінің келісі 1500, сиыр еті 1500-1700 теңге, ал жылқы етінің келісі 1900-2000 теңге тұратынының куәсі болдық.

Көріп отырғаныңыздай облыстық, аудандық әкімдік тарапынан азық-түлік бағасын тұрақтандыру, оған қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін аз тірлік атқарылып жатқан жоқ. Дегенмен де мұның өзі аздық етіп, жаз айларына қарағанда жекеленген тауарлар бағасының өскендігі байқалады. Сауда нүктелеріндегі сатылған тауарлар бағасының арасында бірқатар айырмашылық бар. Жергілікті жерлердегі әкімдіктер жылдың төрт мезгілінде күн тәртібінен түспейтін әлеуметтік маңызға ие тауарлар бағасы мәселесіне айрықша жауапкершілікпен қарағандары абзал. Бағаның қымбаттауына жол беріп жататын сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлердің халықтың арқасында кәсібін дөңгелентіп отырғандарын жадынан шығармауды ескертіп отырған артықтық етпейді. Негізгі тұтынатын тауарлардың бағасына бақылау жүргізу аудандағы қоғамдық кеңестің де назарынан тыс қалмағаны ләзім.

А.Нәжімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT