«JAS TOLQYN» ЖАС ТАЛАНТТАР БАЙҚАУЫ ЖАС ӨНЕРПАЗДАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫН ЖАҒЫП, АТЫРАУ, АҚТӨБЕ, МАҢҒЫСТАУ ЖӘНЕ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТАРЫНЫҢ ДАРЫНДЫ ҰЛ- ҚЫЗДАРЫНЫҢ БАСЫН ҚОСТЫ. АҚТАУ ҚАЛАСЫНДА 5-10 МАУСЫМ АРАЛЫҒЫНДА БАЙҚАУДЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ ӨТІП, ОҒАН 350 БАЛА ҚАТЫСТЫ. ГРАН-ПРИ ИЕГЕРЛЕРІ «КҚК – ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ БІРІКТІРУШІ МӘДЕНИ ФОРУМДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ АТЫНАН ҚАТЫСАТЫН БОЛАДЫ.
Байқауда 9-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер хореография, вокал, аспаптық жанр, дәстүрлі ән, әлеуметтік бейне жанрлары бойынша сынға түсті. 2025 жылы байқаудың үш кезеңіне қатысқан балалар санынан ақпарат бере кетейік. Сырттай – қашықтан өткізілетін байқауда (Jas-tolqyn.kz сайты арқылы онлайн форматта) 1380 бала қатысса, күндізгі өңірлік байқауда (бірінші кезеңнің жеңімпаздары) 350 жас дарын өнерлерін ортаға салды. Біріктіруші мәдени форумға қатысқаны (әр номинация бойынша Гран-при иегерлері, Мәскеу қаласында өтеді) 32 бала.
Міне, осы байқауда Құрманғазы аудандық өнер мектебі де бақ сынаған болатын. Барған еңбек ақталып, хореографиядан Бақыт Ислямова жетекшілік ететін «Наз» тобы үшінші орынды иеленді. Екі мыңға жуық өнерлі балалар қатысқан сайыста бұл – үлкен жетістік.
Айнагүл ШАКУПОВА