Аудан әкімдігінде белсенді жастарды жыл қорытындысымен марапаттау рәсімі өтті. Шараны аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Боранғалиев ашып, жылдағыша кең көлемде ұйымдастыруға індет қолбайлау болып отырғанына тоқталды.
Аудан әкімі Қайрат Талапұлы:
– Бүгінде Құрманғазы ауданы бойынша 15 мыңнан астам жас болса, «Волонтер жылына» орай солардың 150-ге жуығы еріктілер ретінде тіркелді. Еріктілеріміз «Біргеміз» жалпыұлттық жобасының 7 бағыты бойынша көптеген игі шараларды жүзеге асырды. 50-ден аса түрлі бағыттағы іс-шараларға қатысты. Оның ішінде ардагерлер, жалғызбасты аналар, аз қамтылған отбасыларына көмек көрсету жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, індет кезінде оттегі баллондарын бірінші қабаттан үшінші қабатқа тасымалдауға үлес қосты. Баспанаға мұқтаж, қолдауды қажет ететін көп балалы отбасына «Темірәлі» мешіті жанындағы жастар үй алып беруді ұйымдастырды. Президент резервіне қатысқан 300-ден астам жас үлкен лауазымдарға тағайындалды, - дей келе Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен аудан әкімінің алғыс хаттарымен Саягүл Тотанқызын, Аяжан Зұлпыхарқызын, Еламан Жасөмірұлын, Сұлтанбек Жанарбекұлын, Нұргүл Боранғалиқызын, Төремұрат Жеткеншекұлын марапаттады.
Аязбай Құралбек «Үздік жас дәрігер», Ұлдана Наурызбаева «Үздік жас ұстаз», Азамат Әділов «Үздік жас ерікті», Есбол Байдошев «Үздік жас спортшы», Қайыржан Сидәлиев «Үздік жас маман», Наурызбай Бахреденов «Үздік жас кәсіпкер», Ермек Айсынов «Үздік жас мәдениет қызметкері», Қайсар Мақсотов «Үздік жас мемлекеттік қызметкер», Абдуррахман Муса «Жастар жанашыры», Ерболат Хайроллаев «Үздік жас көшбасшы» аталымдарын иеленді.
Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ғайни Карина жастарды аудандық мәслихат атынан құттықтап облыстық және аудандық мәслихаттың алғыс хаттарын Наурызбай Амантайұлына, Дархан Мұратқызына, Нұрлан Тоқтарұлына, Аяжан Валерийқызына, Нұрбай Жасұланұлына, Мейрамгүл Талғатқызына табыс етті.
Қанат ҒҰМАРОВ