Аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің ұйымдастырумен, құрамында аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы мамандары бірлесіп, «Серпер» базарындағы автотұрақта болып, таксистермен жолаушы тасымалына байланысты түсінік жұмысын жүргізді.
Заңдылыққа сәйкес жолаушы тасымалымен айналысатындар кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алуы, сақтандыру қағазы және жолға шыққанда қолында дәрігерлік тексерістен өткендігі туралы анықтамасы болуы тиіс. Соңғы уақыттардағы жол-көлік оқиғаларында адам өлімі орын алуы жиілеп кеткендіктен жол-патрульдік полициясы тарапынан таксистерде денсаулығы туралы анықтаманың бар-жоғы тексерілген. Таксилерде ол болмай шығып, айыппұлдар салынған. Бұл жүргізушілер тарапынан түсінбестік тудырып, бұған дейін рейдтер жасалып, бірнеше мәрте ескертілсе де, «Бізге бұл жайлы ешкім айтқан жоқ», - деп прокуратураға шағымданғандары да кездескен.
Жолаушы тасымалымен айналысатындарға төмендегі заңдылықтар жазылған жадынамалар таратылды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің сол жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген «Автомобиль көлігі мен жолаушылар мен жүкті тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Заңда такси тасымалдауды жүзеге асыру үшін кемінде төрт бүйір есігі бар, сериялы шығарылатын жеңіл автомобильдер қолданылатыны атап көрсетілген. Заңның 212 бабында арнаулы басқаруы бар және түгелдей қолмен басқарылатын, рөлі оң жақтағы автокөліктермен такси қызметімен айналысуға тыйым салынған. 214 бапқа сәйкес жолаушылар мен жүкті тасымалдауды ұйымдастыру кезінде такси жүргізушісінен автокөлік құралының қозғалыс алдында техникалық тексеруден өтуі, сондай-ақ, медицина қызметкерінің рейс алдында және одан кейінгі медициналық куәландыруы, ақпараттық-диспетчерлік қызметтің немесе ақпараттық-диспетчерлік қызметті көрсету жөніндегі шарттың болуы талап етіледі. Таксидің ақауы болған жағдайда оны уақтылы ауыстыруы қажет. Араларында әр отыз таксиге шаққанда бір арнайы қозғалыс құралдарын пайдаланатын мүгедектерді тасымалдауға бейімделген бір автокөлік болуы шарт. Сондай-ақ, таксистерден ұйықтамастан тұра шаппау, еңбек және демалыс режимдерін сақтау, сапар құжаттарын рәсімдеуді қамтамасыз ету талап етіледі. ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 44 бабында еліміздің аумағына уақытша әкелінген автокөлік құралдарымен тасымалдауды қоспағанда, шет мемлекеттің аумағында тіркелген көлікпен республикамыздың көлемінде орналасқан елді мекендер арасында жолаушылар мен жүктерді тасымалдау жөніндегі кәсіпкерлік қызметке тыйым салынады.
Көлік тұрағындағы таксистік қызметпен айналысатындар арасындағы адал еңбек етіп, ұзақ жылдар осы кәсіппен нәпақасын тауып жүрген сенімді, тәжірибесі мол жүргізушілер жол қауіпсіздігін сақтауды қолдап, бұл қағидамен келісті. Бірақ, алдарын орап, заңсыз тасымалмен шұғылданатындарға қатаң шара алуды талап етті. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, ақшаға құнығып, адам өмірімен санаспайтын сондайлардың кесірінен жол апаты көбейетінін ашына жеткізді. Кейбір жүргізушілер дәрігерлік анықтама беруді арнайы бөлімге жүктеп, жергілікті билік орындары ұйымдастырса екен деген ұсыныс та жасады. Оларға ассоцация құрып, диспетчермен, медицина қызметкерімен қамту өздерінің міндеті екені түсіндірілді.
Қ.ЗАРЛЫХАН.