Үйінен мұражай ашқан азамат

(0 Votes)

Мұқашев Ғалымжан Батырғалиұлы – 35 жыл есепші боп қызмет атқарған, ауданымыздағы абыройлы азаматтардың бірі.

Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылып жүрген жанның тағы бір қырымен таныс болдық.

Бір байыз табуды білмейтін ағамыз үйінен бүгінде көпшілік бас сұғатын мұражай ашыпты. Бұл ойдың қайдан туындағанын сұрағанымызда, барлығына себепші болған «Еңбек ері» атанған анасы Құспанғалиева Молқұйманың аяқпен қозғалысқа келтіретін ұршығы екенін асқан толқыныспен әңгімеледі. Ол ұршықты әкесі «Қалмақ қыры» жағынан әкелген екен. Кейіпкеріміз анасы өмірден өткен соң, қара шаңырақта иесіз тұрған ұршықтың олқы тұстарын жөндеп, асылының көзіндей құрметтеп, өз үйінен орын береді. Жүрегіне ыстық дүние жалғыз тұрмасын деп, жанына соғыс ардагері, ішкі істер саласының үздігі болған әкесі Мұқашев Батырғалидың медаль-ордендері мен қолсағаттарын (Елбасының қолы бар), ата-енесінің тұтынған бұйымдарын топтастыра бастаған.

img_3075

Ерекше үрдіске куә болған айналадағы көрші-көлем, ағайын-туыс, дос-жоралғылары да үйінде сақталған ескі заттарды беріп, солай бас-аяғы бір жылдың ішінде жинақталған көне жәдігерлердің саны 100-ден асып жығылыпты. Олардың қатарында көшпелі халқымыз үшін құндылық саналған 100 жылдық тарихы бар тас диірменге дейін бар. Оны көрші әжейдің енесі қолданған екен. Дәнді үгітіп, ұн алынатын тас диірменнің әлі күнге сынын жоймағанына қайран қалдым.

img_3077

Ағаштан жасалған ауыз жағы тарлау, түп жағы кеңдеу күбіге де орын берілген мұражайда. Оның ішіне кем дегенде 60-70 л қымыз сыяды. Бұл да бір - бойымызда күш-қуат дарытатын ұлттық сусынымызды бабына келтіретін қымбат дүниеміз.

img_3079

Одан өзге нан пісіретін таба да бар. Қасында көсеуі жатыр. Кішкене кезімде анамның қамырлы бір табаның үстіне екінші табаны төңкеріп жауып, шоқтың қоламтасына көметінін талай көргенмін. Ағамыз да табада дәмі ауыздан кетпейтін нан пісіріп, балалық шаққа жиі саяхат жасап тұратынын жасырмады.

img_3085

Кенет назарым кішкене ескі үтікке ауды. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Қасымов» механикалық заводынан шыққан екен. Үстіңгі жағын ашып, ішіне салынатын от шоғының әсерімен қызып, киімдердің қыртысын жазбай кетіретін керемет құрал. Бұдан басқа үтіктің түрлерінен де көз сүрінеді.

img_3089

Үлкен әжем қолы шебер, ісмер адам еді, жарықтық. Қолынан ұршығы түспейтін, текемет тоқып, киіз басатын. Мұражайда жайылған текемет, оюлы сандық, мал сүйегінен жасалған ұршық, тігін машинасы, білте шам, самаурын, жез құманды қолыммен өбіп, бойымды лезде өткен күндерге деген сағыныш сезімі биледі. Сонымен бірге бұл жердегі әрбір үйдің төрінде тұрған 1959, 1960, 1962 жылдары шыққан радиолар, ақ-қара түсті теледидарлар, тетігін айналдырып отыра қоңырау шалатын үй телефондары, фотоаппараттар, желдеткіш пен алғашқы кір жуғыш машинаның да жөні бөлек. Ұлттық домбырамыздан бастап, құлағында ойнай білсең құйқылжып қоя беретін музыкалық аспаптардың әр алуаны тізілген. Қырық жылға жуық уақыт өтсе де, еш жеріне нұқсан келмеген күйсандықты қосқанымызда, атақты «Досмұқасан» тобының «Той жырын» әуелетіп қоя берді.

img_3096

Мұнда «Еңбек ардагері», құрметті қаламгер Рахмет Иманғалиевтің саусағының табы қалған жазу машинасын ұлы Балағазы тапсырған. 1980 жылғы XXII Мәскеу олимпиадасының төсбелгілері, Кеңес үкіметі кезіндегі оқушылардың галустуктары, тәуелсіздікпен бірге айналымға енген ақшаның бастапқы нұсқалары, естелік фотосуреттер жеке рамкаларға салынып, жарда ілулі тұр.

Ғалымжан аға көне жәдігерлерді жиып ап, көрме өткізіп, атақ алуды көздемейді. Ата-бабамыздан қалған құнды мұраларды кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатын ғана ұстанады. Сұхбаттасып, ерекше бұйымдарды тамашалауға барғанымызда, «Қазақстан» ұлттық арнасы, республикалық «Хабар» телеарнасы, облыстық «Атырау» арнасының қызметкерлері де кейіпкеріміздің үйіне ат басын бұрып, арнайы бағдарлама түсіріп жатты. Құдды бір тарих қойнауына сапар шеккендей әсер алуымызға себепші болған жерлес ағамызға мұражайының ауқымы кеңейіп, ісі алға басуын тіледік!

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521