Үй мәселесі уақытша болса да шешілді

(0 Votes)

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Қайрат Нұртаев, орынбасарларымен және дербес бөлім басшыларымен С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен «Ашық есік күнін» өткізді.

i

Осымен үшінші рет ұйымдастырылған қабылдау шарасына өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, мұң-мұқтажын жеткізушілер көп болды.

i

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміровтің қабылдауында алдымен болған Самаркин ауылының тұрғыны Гүлмара Бермұханова бірнеше шағыммен келіпті. Бірі мүгедектік жәрдемақы алатын, екіншісі айлық еңбекақысы мардымсыз 4 бала асырап отырған ұл-келініне 21 мың теңгелік атаулы әлеуметтік көмектің тиіспей отырған сауалы бойынша аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Өтеулиев оның себебін ұғынықты түсіндіріп өтті. Бұралқы иттерді ату, қорасындағы малынан қан алу, ауруға қарсы ектіру сияқты мал дәрігерлік бағыттағы шағымдарына аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдірахман, округтің мал дәрігері Талғат Қыдыршаев жауаптарын берді.

i

Мақаш ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Әнуар, Зера Құбаевтар ұзақ жылдар сол өңірдегі шаруашылықта, кейіннен бір жеке қожалықта мал баққанын, қазіргі уақытта жасының ұлғаюына, денсаулығының сыр беруіне байланысты жұмыстан шығарылғанын, айналып келгенде үйсіз-күйсіз қалғандарын айтып жәрдемдесуді сұрады. Азаматы бір көзіне ота жасатқанымен мүгедектік топқа жатқызылмаған, екіншісінің де көруі нашарлаған, зайыбы көзден үшінші топ мүгедектік санатта. Мән-жайға қаныққан аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров сол мезетінде Мақаш ауылдық округі әкіміне телефон шалып, округтің балансындағы бос тұрған қызметтік үйді уақытша бере тұруға уағдаласты. Тұрғын үй кезегіне қою үшін мүгедектік тағайындату туралы аудандық орталық аурухана басшысына ұсыныс жасады.

Аудан әкімі Қайрат Талапұлының қабылдауында болған тұрғындардың ауыз су тапшылығы, жарықтың жиі сөнуі, баспанаға мұқтаждық, ауыл тазалығы, қоқыс жәшіктерін тұрғын үй иелеріне қолайсыздық келтірмейтіндей орналастыру туралы шағымдарына аудан басшысы оңтайлы шешуге жұмыстанатынын жекізді.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT