Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы мәлімдемесінде ауыл шаруашылығымен айналысатындар елдегі қиындықтарға қарамастан жұмыс істеп жатқанын айтып, шаруагерлердің еңбегіне дән ризашылығын білдірді.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне және жергілікті әкімдерге көктемгі егіс науқанын өз деңгейінде өткізуді міндеттеді. Бұл мақсаттарға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд теңге бөлініп, оның 70 миллиардын тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсауды тапсырды. Жалпы елдің азаматтары мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаражат көзделгенін жеткізді. Сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасын негізінде қосымша 100 млрд теңге берілетін болды.
Бұл қолдаулар қарапайым халықты, отандық бизнесті қолдаудағы маңызды қадам деп білемін. Қазіргі қиын кезеңде еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең маңызды мәселе. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген шаруагерлер мен шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаудың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ондай көмектердің алғышарттары елімізде дер кезінде қолға алынғанынан хабардармыз. Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» бизнесі зардап шеккендердің төлемін кейінге шегеріп, несиелік жүктемесін де жеңілдететін болды. Өздері қаржыландырған жобалардың несие төлемін 15 маусымға дейін ұзартты. Сонымен қатар, 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 млн шағын және орта бизнес өкілдері 360 млрд теңгені құрайтын несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме де 7%-дан 5%-ға дейін төмендемек.
Осының барлығы айналып келгенде дағдарысқа қарсы тұруға септігін тигізетін маңызды шаралар деп білемін. Тағы бір тоқтала кетерлік жайт, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшылар санын және еңбекақы көлемін азайтпау назарда ұсталынатын болады. Өйткені, азық-түліктің басты қоры осы аграрлық секторға тиесілі. Елдегі төтенше жағдайға қарамай мал төлдету науқанында аянбай тер төккен, егін егуге кіріскен шаруагерлердің еселі еңбектерін ескермеске болмайды. Мемлекет басшысының дер уақытында жүктеген міндеттемелері оларға едәуір жеңілдігін тигізері анық. Алаңсыз еңбектеніп, күні ертең-ақ мол ырызық болып қайтатын маңдай тердің текке төгілмейтініне сеніммен қарайды. Ең бастысы, олар мемлекеттің қиын сәттерде қолдаусыз қалдырмайтыны жақсы түсінеді.
Есболат ҚҰБАШЕВ,
«Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ Құрманғазы ауданы филиалының төрағасы