Қиын кездерден алып шықты

(0 Votes)

Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуында Елбасымыздың рөлі зор. Одақ күйреп, шаңырағы ортасына түскен ауыр жылдарда дұрыс жолды таба білді. Сол бір қиын кездерді Нұрсұлтан Әбішұлынсыз көзге елестету мүмкін емес. Тәуелсіз мемлекетімізде қазақ ұлтының саны аз, экономикасы қожырап, ауыл шаруашылығы тұралып, ақшаның қадірі болмай кеткен уақытта «біз бұл өтпелі кезеңді, мұның бәрін еңсереміз», деп жанымызда ертеңге деген сенім отын лаулатты.

Халық дорба арқалап жолға шыққан, дүкен сөрелері бос тұрған кездерден аман өттік. Бүгін сол уақыттарда мемлекеттің қазынасы да қаңырап жатқаны ашық айтылды. Міне, осының бәрінен Тұңғыш Президентіміз алып шықты. Жас мемлекетіміз бірден ядролық қарудан бас тартып өзге елдерге үлгі болды. Елбасымыздың бастауымен нарықтық экономикада жабайы капитализмді емес, халықтың жағдайын ойлайтын мемлекеттік модулді қаладық. Өз Елтаңбамызды, Әнұранымызды, Туымызды, Конституциямызды қабылдадық. Қазақша жазуы бар төл теңгеміз өмірімізге енді. Ауыл шаруашылығына қолдау көрсетілді. Алысқа бармай, күнделікті өмірімізден бір шағын мысал келтіре кетейін. Біз сол жылдары «Құрманғазы» өндірістік кооперативін құрып, малды асылдандыруға бет бұрдық. Тәуекелге бел будық десем де болады. Біраз қиындықтарды бастан өткерсек те алға қойған мақсатымыздан танбадық. Ең бастысы Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігіне сендік. Қазақтың ақсарыбас қойын көбейтіп, біраз жетістіктерге де жеттік. Малымыз қоңды болып, 140 келі тартатын қошқарымыз «Қараөткел» жәрмеңкесінде алтын медаль алды. Соның бәрі де Елбасымыз қабылдаған бағдарламалардың, берілген субсидиялардың, кәсіпкерлерге жасалған жеңілдіктердің арқасында мүмкін болғанын мақтанышпен айта аламын.

Көрегенділікпен жүргізілген ішкі саясаттың нәтижесінде ТМД құрамындағы кейбір елдердей ұлтаралық қақтығыстарды бастан өткерген жоқпыз. Тізіп айта берсек, Елбасымыздың қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол өздеріңізге де мәлім. Нұрсұлтан Әбішұлы өз мәлімдемесінде: «Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін. Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», - деп халқына адал қалпында қала беретінін айтып отыр. Қимасақ та, Тұңғыш Президентіміздің осы сөзі жанымызға дем береді. Мемлекет басшысы міндетін атқару жүктеліп отырған Қасым Жомарт Тоқаев Елбасы көрсеткен сенім үдесінен шығады деп ойлаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым бізбен бірге қала береді!

Сабыржан Сұлтанов,

облыстық мәслихаттың депутаты,

«Құрманғазы» ӨК төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521