Ішкі тұрақтылық

(0 Votes)

Балалық шақ, алаңы жоқ жүрген күн,

Арман деген тұлпарға ерте мінгенмін.

Болғым келмеп еді шіркін менің кім?

Қысқа күнде қырық рет түрлендім.

 

Домбыраның менен қалған біразы,

Аз-маз шалған күйіме анам разы.

Суретші де бола алмадым ақыры,

Қылқаламмен талай бейне құрадым.

 

Өнеріммен көпке жастай ұнадым,

Көп мақтаудан сарсаң болды құлағым.

Шебер болып ағаш жонып жатқанда,

Деді әкем:"Сен тұрақсызсың, шырағым!"

 

Көңіліме алып қалдым айтқанын,

Келе- келе талай істен қайтқаным,

Содан ба екен, көп машықтан тартынып,

Жалғыз ғана ой кешуден қайтпадым.

 

Әке сөзі мәңгі бақи есімде,

Барғаным жоқ басқадай бір шешімге.

Мендік тағдыр қалып қойды тұрақтап,

Телмірумен ақ қағаздың бетінде.

 

Саналының сағаты өтпес сұрақсыз,

Кіл кереғар, жақын болмас жырақсыз.

Бірде оңын, бірде жонын беретін,

Бұл өмірде болу жаман тұрақсыз.

 

Тұрақсыздық жылтыр мұздың үстіндей,

Тайғанақтап әлсіреуі күштің кей.

Алты қарыс азу біткен арлан да,

Тұрақсыз ба, хал кешеді міскіндей.

 

Ойында бол елдің қамын жегеннің,

Қара халық таппауы үшін шемен мұң.

Билік пен жұрт қадіріне жетсе екен,

Ішкі тұрақтылық дегеннің.

                                              8.І.2022

                                                     Таңатар Дәрелұлы

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521