Атыраудың күй өнерінде өзіндік орны бар дәулескер домбырашы, өз жанынан бірнеше күй шығарған дарын Ишанғали Жанхановтың арамыздан кеткеніне де жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Ол өз ортасында орны бар, бай дейтіндей байтақты жапқан малды, кедей дейтіндей іргесіне қараған жарлы емес, ортан қол тұрмыс иесі Қалдыбайдың Жанханының кенже ұлы болатын.
Нарынның түстігіндегі Дыңғызыл аумағының Босқынбай деп аталатын мекенінде күн кешті. Жанхан астына ер-тұрманы күмістелген әдемі ат мініп, қолындағы қамшысының алақанын көгістеп, бүлдіргісін бөлекше түйетін. Ит жүгіртіп, қоян-түлкі, кейде қасқырды да қанжығысына байлап, ауылда сері атанған, бір сөзді, ел таныған беделді қария-ды. Ең бастысы өнерге ерекше жылылықпен қарайтын.
Бірде Бекетай-Айбастағы аштықтан күнгейге қоныс аударып, Сасықтаудағы қалың төлеңгіттің арасына Дина кемпір (елде солай атайды) келіп жатыр дегенді естіп, бұрыннан таныс-біліс жан ғой, сәлем беріп, амандығын білейін деп Жанхан атқа қонды.
Бәрі де рас, Анда төлеңгіттердің арасына жайғасыпты. Екі үйдің бала-шағасының өзі бір қауым. Күйші ана бұрыннан таныс құрбысын жылы қарсылап, төрге оздырды.
– Өткен қыста Бекетай құмы, Айбас пен Үштағанға қар түспеді. Жазда жаңбыр жоқ, жер қуаң болды. Қоңсыз мал қара күзде-ақ сыр бере бастады. Адамдарға талғажу етер құмаршық та шықпай қалды. Ақыры көп үй қыс түспей жатып, қорасы қурап, құрығын ұстады. Соның бірі – біз. Енді тірліктің қамымен қоныс аударып араларыңызға келдік, - деп әңгіме бастады. Сөз кезегі Жанханға келді.
– Бұл жақтағылардың да шекесі шылқып, ұртынан уыз төгілгені шамалы. Әйтсе де ерте қамданып, қара шөп болса да қора басына жеткізіп алған жайлары бар. Кейбірі малдарын Астраханның базарына өткізіп, азық-түлікке айырбастады. Сөйтіп амалдап отырған жайымыз бар, - деп сәл тынышталды. Содан соң алдарына қоңыр көже, шай келді. Тағы да арғы-бергіден сөз қозғалды. Бір кезде Жанхан әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып «Мен сенің жағдайыңды түсініп отырмын. Ағайын сағалап, арамызға келдің ғой. Қыс өтер, көктем келіп, жаз да шығар. Ел іші ғой, аштан өліп, көштен қалмассың. Бірақ, мен саған бір ұсыныс айтайын. Құдайға шүкір, тәңірім саған қол берді. Өнерің бар. Шеберлік жетіп артылады. Құрекеңнен қалған көп күй кеудеңде толып тұр. Тіпті кейбір күйлерді өзің де шығарып жатырсың. Әлі де болады, оған шүбәм жоқ.
Айтайын дегенім, сол дүниелерді халыққа жеткізерсің, бірақ күнбе-күн әр үйдің есігін бағып, сауық-сайран құра бермейсің ғой. Оның үстіне «Қонақ бір күн құт, екінші күн жұт, үшіншісінде зыт» емес пе? Сонда қалай?
Осы арада менің ұсынысым. Осы елде домбыра десе, алдарындағы асын қоя салып, ауыздарын ашып тыңдайтын жастар жетерлік. Олардың кейбірі әлім-берім тыңқылдатқаны болмаса, көсілтіп алып кете алмайды. Соларды жинап, домбыра үйретсең қалай болар еді. Әрине, бәрінің басын қосып, бір жерден үйрету қиын да шығар. Олай болса, әр үйге – күн, керек болса, бір ай жат, қолына қара, қабілетті барлары, халі тартқандарында одан да көп бол. Жұрт еңбегіңді береді. Біреулер қой, екіншілері тай, мүмкіндігі барлар құмаршығын ұсынар, - деп еді Динаның көзі жарқ ете түсті.
– Дәл солай ойлайсың ба? Өздері де аш отыр ғой.
– Одан қам жеме. Жұрттың бәрі іргесіне қарап отырған жоқ. Болашағын ойлаған ата-ана баласының қамы үшін бәріне де барады.
Керек десең осы істі өзім бастайын. Балаларымның қай-қайсысы да домбыраға үйір. Бірақ, менің ықыласым ең кіші ұлым – Ишанғалиға ауады. Соның қолын қарап көр. Егер бірдеңе шығады десең біздің үйде бірер ай болып, қолын жөнге саласың. Айттым ғой, еңбегіңді жемеймін.
Дина ойланған жоқ, бірден-ақ келісті.
Міне, осылайша арада аз уақыт өткенде күйші ана Жанхан қарияның төрінен табылды. Сөйтіп, бір қыс бойы кенже ұлға домбыра үйретті, өнерге баулыды. Бірақ Дина шешей Ишанғали деген аты болмаса, оның ағалары Иманғали, Аманғали, Сұлтан, Хамзалардың да күйшілік шеберліктерін шыңдады. Кейін Ишанғали тек Динамен шектеліп қалмай, ұлы Құрманғазының бел шәкірттері – Шора, Меңетай күйшілерден де дәріс алды, шеберлік жетілдірді.
1937 жылдың көктемінде әуелі КазЦИК атындағы оркестрге орналасып, республикалық филармонияның қазақ музыкасы кабинетінің қызметкері болған Смағұл Көшекбаев Алматыдан әдейілеп кеп, қазіргі Құрманғазы ауданына Дина, Меңдіғали және оның ұлы Хисмет, сондай-ақ осы Ишанғали күйшіні астанаға алып кету ойында болғанда соңғы күйшіні ұсынуда күйші ананың орны ерекше еді. Әрине, орталыққа таңдау тек Көшекбаевтың емес, өнерді тани алатын басқа да жандардың ұсынысымен жүзеге асты.
Бұлар астанаға (ол кезде Алматы) онда ауыл көркемөнерпаздарының республикалық екінші слеті өтіп жатыр еді. Аталған сайысқа Атыраудан барған күйшілер – Дина Нұрпейісова, Меңдіғали Сүлейменов, Хисмет Меңдіғалиев және Ишанғали Жанханов түгелдей сахнаға шықты. Екі қария бірден жеңімпаз атанып, жеке орындаушылар ретінде Алматыға қалдырылды. Екі жас жігіт жаңадан құрылып жатқан оркестрге мүшелікке қабылданды.
Бірақ, елде фин соғысының басталуы және Меңдіғали қарияға Алматының таулы жердегі дымқыл ауасы жақпай, екі жас Армия қатарына алынса, Меңкең ауылына қайтты.
Ишанғали туған топырағына тартып туған, қолы бөлек, орындау өрнегі өзгеше күйші еді. Онда негізінен Құрманғазы стилі дегенменен Динаның шеберлік қырлары анық байқалатын. Көбіне жүрдек орындалатын шығармалары құлпырып, өрнектеп шертілетін. Ол Алматыға Меңетайдың «Меңзер», Сейтектің «Бала Сейтек» (Аталған шығарманы автордың өз орындауында үйренген), «Теріс қақпай», Құрманғазының «Байжұма», «Серпер», «Теріс қақпай», «Төремұрат», «Қызылқайың», «Машина марш» (Перовский марш), Есжанның «Соқыр Есжан», Динаның «Бұлбұл» күйлерін алып барды. Бір қарағанда аталған күйлердің қай-қайсысы да өте күрделі және болмысы бөлек шығармалар екені белгілі.
Елуінші жылдардың басында Ишанғали аға тағы да облыс намысын қорғап, ауыл-село көркемөнерпаздарының республикалық байқауына барады. Бұл кезде Дина шешей үлкейіп, жатып қалған екен. Шәкірті ұстазының халін сұрап, сәлем беру ниетінде үйіне бас сұқса, күй анасы кешкі қара көлеңкеде кіріп келген әлжуаздау сары ұлын даусынан танып «Телқоңырым, (Ишанғалиды солай атайды екен) сенбісің? Қалай тауып келдің?» деп мәз-мейрам болды. Амандық-саулық сұрады. Елдің амандығын білді. Содан соң әңгімені күйге ауыстырып, «Сенің «Қызылқайыңыңды» енді ешкім де өзіңдей етіп қайталай алмайды. Бұл менің емес, Меңетайдың еңбегі. Беу, Меңетай күйші еді ғой. Айтпақшы, аруағы кешірсін. Мен оның кейбір қағыстарын өзімнің «Жасасын, партия» күйімде пайдаландым,» дейді.
Содан соң «Меңетайдың аруағы үшін оның «Меңзерін» орындашы» дегені.
Ишанғали қолына домбырасын алып шықпап еді. Оның үстіне күйшілер дәстүрінде әр орындаушы өз аспабымен ғана ыңғайлы. Соған сай біреуден домбыра сұрау әбестік. Қонақ осы үрдіспен абыржып қалды. Мұны жақсы түсінген үй иесі «Тәйірі, екі қолың салбырап, қусырынып жүрген кім едің? Әне, менің қамыс домбырамды ала сал. Сол сенің тарамыстанған қолыңның қағыстарына әбден келеді,» - деп оң жағында сүйеулі тұрған аспапты нұсқады.
Домбыра қамыс десе дегендей, жеңіл-ақ, кеудесінен күй төгіп, сөйлеп тұр екен. Әуелі «Меңзерді», одан соң «Соқыр Есжан», жаңағы «Төремұрат», соңында үй иесінің «Бұлбұл» күйін орындады.
– Сенің «Бұлбұлың» менен шебер, қуатты естіледі екен, тағы бір орындашы, - деді күй анасы.
Орындады. «Бабыңда екенсің, бірақ есейіп қалыпсың. Артыңда сенен де шебер жас «шайтандар» өсіп келеді ғой, мұқият бол,» деді кейуана.
Күйші ана қателеспепті. Арада бес жыл өткенде бұған дейін облыстың маңдайалды, марғасқа күйшісі атанған Ишекеңнің есімі ылғи да бірінші аталса, енді екінші орынға ығысты. Бұдан былай облыстың бас домбырашысы деп Ғибатолла Мәсалімовтің есімі аталды. Өмір деген сол. Кезінде ел аузында «Ишанғали Жанханов, домбырасын қолға алып, күй тартады шалқытып, тұла бойды балқытып» деп ауыздан ауызға ілігіп, қандай да бір байқауларда бәйге бермей, республикада жұлдызы жанған дарабоз Ишанғали Жанханов өзінің бар саналы өмірін өңірдегі күй өнерінің, сондай-ақ көркемөнерпаздықтың дамуына арнады, талай биіктен көрінді. Соғыстан кейінгі жылдарда Құрманғазы ауданында құрылған «колхоз-совхоз театрына» жетекшілік етті. Тұрғындарға мәдени қызмет көрсетудің шебері атанды. Ол 1968 жылы 56 жасында дүниеден өтті. Бірақ артында өшпес ізі қалды. Ишекең күй өнеріндегі өрен дарын, өзгеше жүйрік еді. Оны жерлестері ұмытпайды.
P.S. Ишанғали Жанханов кезінде өз жанына бірнеше күй де шығарды. Олардың кейбірі («Каспий толқыны») облыстық байқауда (1956 ж.) орындалды. Ал «Таңсәрі» деген күйін немере інісі Амантай (Қуаныш) Сұлтановтың орындауында облыстық теледидар арқылы халыққа жетті. Оны белгілі күйші-ұстаз Серікқали Тәжіғалиев нотаға түсірді. Біз оны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
өлкетанушы