IQanat-тың қанатының астында

(0 Votes)

Ауданымыздың намысын өзге өңірлерде қорғай отырып мол мүмкіндік беретін жасөспірімдердің байқау қатары аз емес.

Соның бірі де бірегейі Нұр - Сұлтан қаласында өткен IQanat республикалық олимпиадасы.Облысымыз бойынша 27 бала таңдаулы деп танылса солардың өңірімізден оқ бойы оза шапқан төрт оқушы шілденің 1 мен 5 аралығында бақтарын сынап келді. Биыл бұл жобаға үш мыңнан астам оқушы қатысып, үздік деп танылған жеті жүзі Елордада болып қайтты. Бұл жоба тек ауыл балаларына беріліп отырған зор мүмкіндік. Себебі олимпиада жеңімпаздары мектепті тәмамдаған соң еліміздің таңдаулы деген жоғарғы оқу орындарына еш қиындықсыз түсе алады. Осы орайда білімін жалау еткен олимпиада қатысушысы Мадина Ерболатқызын әңгімеге тартқанбыз:

«IQanat– көптеген балалардың арманын жүзеге асырып, үміт отын сыйлаған, сенім ұялата білген және ауыл балаларына арналып құрылған жоба. Мен оны болашаққа бастар жол дер едім. Себебі мол мүмкіндіктердің бастамасын осы жобадан көрдім. Олимпиада еліміздің астанасында бес күн өтті. Осы аралықта көптеген семинарлар, тренингтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ байқау кезінде төрт пән негізгі деп танылды. Олар: математика, физика, ағылшын тілі және эрудит яғни эссе. Ереже бойынша әрбір оқушы екі пәнді ғана таңдай алады. Мен физика мен эссені жөн көрдім. Нәтижесінде «IQanat білім қоры» қоғамдық қорының директоры А.Е.Садықованың қолынан екінші кезеңнің жеңімпазы атанғанымды растайтын сертификатты еншіледім. Жобаның тағы бір ерекшелігі олимпиаданың соңғы кезеңінде болған оқушылар IQanat-тың қанатының астында болып, ҰБТ мен IELTS-ке тегін түрде дайындалатын болады. Атырау облысы бойынша оқушыларды қолдаған Айдын Жұмаділұлы мен Құрманғазы ауданынан қатысушы оқушыларға ықылас білдіріп, демеушілік жасаған Әсел Аяповаға ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Республикалық кезеңнің жеңімпазы ретінде осындай жетістігіме үлесін қосып, себепкер болған физика пәнінің мұғалімі Мырзағалиев Жастілек пен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күнбасова Қатираға, жалпы Әбу Сәрсенбаев мектебінің ұстаздар қауымына алғысымды білдіргім келеді. Сіздер үміт артқан шәкірттің сенім ақтаған сәттері көп болғай!»

Біз де Мадинаның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Алар асуларың, шығар шыңдарың көп болғай деген ниеттеміз!

Ақтілек Абайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT