Індеттің бесінші толқыны өтуде

(0 Votes)

«Омикрон» штамының таралуымен Қазақстанда коронавирус індетінің бесінші толқыны өтуде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау минис­трі Ажар Гиният айтты. «Соңғы айда ауру 19,6 есе, ковид-19-ға тестілеудің тәуліктің көлемі 3,5 есе өскен. Тәулігіне 50 мыңнан астам тест жасалуда», - деді министр.

Сонымен қатар, ол болжам бойынша коронавирустың кезекті толқынының шыңы наурыз, сәуір айында болуы мүмкіндігін айтты. Ауру санының көптігі, науқастардың жұқтыру қаупі жағынан елімізде 4 аймақ – Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Қарағанды көш бастайды. Біздің облыста тәулігіне 600-ге жуық адам індет жұқтырып отыр. Ал ауданымызда күніне 15 тұрғыннан ауру анықталуда. Сондықтан, бүгінде вакцина алғаннан кейін 6 немесе 9 ай өткен соң ревакцинация жүргізу қажеттілігі жаңа штамдардың пайда болуымен байланысты туындады. Түрлі штамдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинация жасау керек. Сонда ғана дендеген дерттің бетін қайтарамыз.

Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша «омикрон» штамымен ауырғандар саны әр 2-3 күн сайын екі есе артып келеді. Мұндай жылдамдықпен кете берсе әлемдегі коронавирус жұқтыру деңгейі бір аптаның ішінде 8 есе, ал 2 аптадан кейін 40 есе нашарлауы мүмкіндігін айтуда. Бүгінде «омикрон» вирусы әлемнің 126 елінде анықталды.

Мәселен, АҚШ жерінде «омикрон» штамы өте тез таралуда. Ауруханаға түскен науқастардың саны соңғы аптада 33 пайызға артқан. Ресми дерек көздері бойынша Ковидтен көз жұмғандар саны да артып, 40 пайызға өскен. Қытай еліндегі Аньян қаласында 2 адамнан «омикрон» анықталып, бүкіл шаһарды локдаунға жауып тастапты. Енді ондағы 5,5 млн. тұрғын себепсіз үйінен шыға алмайды. Көшелердегі көлік қозғалысы да шектелген. Англия жерінде жолдамасы бола тұра, миллиондаған науқас ауруханаға жата алмай кезек күтуге мәжбүр деп хабарлайды БАҚ өкілдері. Себебі, ауруханалар Ковидпен ауырып жатқандарға толы. Жергілікті мамандар «омикрон» бұған дейінгі «дельта» және «альфа» штамдарына қарағанда әлсіздеу болып көрінгенімен, арқаны кеңге салатын уақыт емес деп шегелеп отыр. «Омикрон» өте жылдам жұғатын штамм. Испания премьер-министрі коронавирусты тұмау эпидемиясына теңеуді ұсынып отыр. Себебі, «омикрон» тез жұққанымен, ауру көбінде жеңіл өтеді дейді ол. Сондықтан, Үкімет басшысы тұрғындарды тестілеуден өтпей-ақ қоюға болатынын жария етті. Бұл елде ковидтің «алтыншы толқыны» басталған. Дерт жұқтырып жатқандар көбейген. Итапияда науқастардың басым көпшілігі 20-29 жастағы азаматтар. Егде жастағы адамдардың вирус жұқтыруы аздау. Мұны мамандар үлкендер арасындағы вакциналаудың жоғары деңгейімен түсіндіреді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT