Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі оқырмандары арасында қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресінің хас батыры Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай «Махамбет жырлары – қайталанбас құдырет» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан аудандық байқау ұйымдастырылды.
Байқауға Қиғаш, Лабай, Б.Момышұлы (Асан а/о), Ф.Оңғарсынова (Бөкейхан), Б.Бегалиев (Құрманғазы), Қ.Мырза Әлі (Сафон), Азғыр, Панфилов (Жамбыл), Н.Манаев (Орлы), Балқұдық (Азғыр), Ы.Алтынсарин (Жаңаталап) кітапханаларының жас оқырмандары қатысты. Қатысушылар шараның «Тартынбай сөйлер асылмын» атты І бөлімінде Махамбеттің үш өлеңін жатқа айтты. «Мұнар күн» атты ІІ бөлімінде батырға арнап өздері шығарған немесе басқа ақындар жазған өлеңдерді оқыды.
Әділқазылар алқасының төрағасы Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ондаған жыр жинақтарының авторы, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелұлы шараны қорытындылап:
– Бұл байқауға қатысу жайлы хат бірнеше ай бұрын жіберілгенін жаңа естідік. Соған қарамастан Махамбеттің өлеңдерін жатқа айтқанда қайта-қайта шатасу, ұмытып қалу орын алды. Жалпы Махамбет бабамыздың өлеңдері жаттауға оңай. Жұмекендікі күрделі. Соған қарамастан Жұмекеннің 100-ден аса өлеңдерін жаттап алғандар бар. Ақпарат құралдарын қарап отырсаңыздар Махамбеттің 400-500 өлеңін жаттағандар бар екенін көресіздер. Ертең үлкен сахнаға шығуларыңыз мүмкін. Сондықтан өлеңді осы бастан жақсы жаттап, Махамбеттің образына еніп, әртістік қабілеттеріңізді танытуға тырысыңыздар. Өлең шығарғандардың ішінен Азғырдан келген оқырманның арнауынан сорпа бетіндегі жылттай ұйқасты байқадық. Әрине, талант біреуде ерте, біреуде кеш оянады. Поэзияда өздеріңді тауып, өнерлеріңді ширатыңдар. Орталық кітапхана ұжымы жас дарындарды тәрбиелеуде облыс бойынша көш бастап келеді, – деп ризашылығын білдірді.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина қатысушыларға арналған жылы лебізін жеткізіп, алдағы байқауларда сәттілік тіледі.
Аудандық сайыстың бас жүлдесін Жамбыл ауылдық кітапханасының оқырманы, 7 сынып оқушысы Іңкәр Айболат иеленді.
І орын Асан ауылдық кітапханасының оқырманы, 10 сынып оқушысы Айгерім Жайсаңбекқызына тиді. ІІ орын Лабай ауылдық кітапханасының оқырманы, 7 сынып оқушысы Нұрай Есентайдың еншісінде. ІІІ орын Бөкейхан, Азғыр, Жаңаталап ауылдық кітапханаларының оқырмандары Динара Насухова (9 сынып), Анелья Жандарбек, Алтай Қолғанатқа (5 сынып оқушылары) бұйырды. Қалған қатысушыларға дипломдар табыс етілді.
Қанат ҒҰМАРОВ