Ғимаратта қонақтық өтіп жатты

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы әкімдігінің «Телеграмм» әлеуметтік желісіне Мақаш ауылдық округінің Алға ауылындағы кафеде осымен үшінші рет той өтіп жатырғаны жөнінде хабар түскен болатын.

Оның авторы аудан әкімдігінен нысан иесіне шұғыл шарасын алуды сұраған. Әрине, айтуы дұрыс. Біреуді көре алмағандықтан емес, ауылдастарына жаны ашығанынан жазып отырғанын жақсы түсінеміз.
Індет өршіп тұрған кезде оның тарала түсуінің жолын кесу бәріміздің ортақ міндетіміз. Себебі әрбір адамның өмірі мен денсаулығы қыл үстінде тұр.

Қарапайым ережелерді сақтамағандықтан қазір ауданымыз түгелдей карантинге жабылу алдында десек артық кетпеспіз. Індетке шалдыққандар саны күн санап өсуде. Түскен дабылға орай Құрманғазы ауданында объектілердің қызметтерін қайта бастауға дайындығын бағалауды жүргізу арқылы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мониторингтік топ жолға шықты.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», дегендей біз барғанда Алға ауылындағы «Алтын асық» кафесінде шынымен де қонақтық өтіп жатқаны анықталды. Бес үстелде отызға жақын адам отыр. Әр үстелге бірнеше адамнан тығыз жиналыпты. Отырғандардың біреуі орнынан тұрып «Шымкенттен келген қонақтарым еді», деді. ​

 

Кафе иесі, «Е.Құбашев» шаруа қожалығының басшысы Есболат Құбашев ғимараттың кіре берісінде антисептик, қолжуғыштар тұрғанын, қызметкерлері бетпердемен, қолғаппен жүргенін айтты.
Асханалар мен кафелерде отыз адамға дейін жиналуына болады деген соңғы шыққан қаулыны басшылыққа алып заңдылыққа сәйкес жұмыс жасап отырғанын жеткізді.

Біздің тарапымыздан қойылған, кафе ішінде бетпердемен жүру, ара қашықтықты сақтау сияқты қауіпсіздік ережелерінің неге орындалмағаны жайлы сұраққа:
– Келген адамдарға екі метр қашықтықта отыру қажет екені ескертілді. Сөзімізді тыңдамаса мен қайтемін? Өздері солай топтасып отыр. Оларды қалай қуып шығамын? Ішке бәрі бетпердемен кірді. Қазіргідей қиын жағдайда мен кафені жабатын болсам, қарауымдағы жиырма шақты адамға ақшаны қайдан тауып беремін? Мойынымда несием бар. Оны уақытында төлмесем банк ертең қолымыздағының бәрін сыпырып алады. Бізде барлық сақтық шаралары алынған. Сіздер палаткіде той жасап жатырғандарды неге ұстамайсыздар? Палаткілерде антисанитария ғой, - деді. ​

Мониторингтік топты бастап барған аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов: – Себепсіз ешкімнің жеке шаруасына араласпаймыз. «Телеграмм» чатына хабар түскеннен кейін оның растығын анықтауға, тиісті шарасын алуға міндеттіміз. Оған түсіністікпен қарағаныңыз жөн. Кафелер мен асханаларда қонақтық өткізуге тыйым салынған. Тек тапсырыс беріп, тамақтанып шығуға ғана рұқсат! Оның өзінде ара қашықтық сақталып, бетпердемен жүру талап етіледі. Отырғандардың арасында бір адам індет жұқтырған болса, бәріне таралады. Сонда онымен күресу де қиындап кетеді. Мына нысан қоғамдық тамақтандыру орынына жатпайды. Сол себепті біз дабыл түскеннен кейін шарасын алып, акт жасаймыз, - деді.

Округ әкімі Болат Мұфтахов та шаруа қожалығы иесінің бұл әрекетін қолдамайтынын білдіріп, округтегі 3 адамнан COVID-19 жұқпасы анықталғанын, бүгін төртіншісі тіркелгенін жеткізіп, сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Аудандық полиция бөлімінің округтегі учаскелік инспекторы Талғат Рахимов кәсіпкерге бұған дейін де ескерту жасалғанын еске салды.
Е.Құбашовтың танысқандығы жөніндегі қолы бар аталған ескертпе мен актінің көшірмесі біздің де берілді.

Қанат Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521