Мақаш ауылдық округінде жылда бір рет аталынып өтетін 1 қазан – Қариялар күніне орай ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерге дастархан мәзірін дайындап, табақ тарту құрметі біраздан бері дәстүрге айналды.
Адал еңбектерімен ауылдың өркендеуіне үлес қосқандарға осындай ерекше ілтипат білдіру ізеттіліктің белгісі екені сөзсіз.
Шараны ұйымдастыруға ауыл әкімі Бауыржан Қадыров бастама көтеріп, Мақаш өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Абулхайыров демеуші болды.
– Кезінде бейнеттің жүгін көтеріп, аянбай елге қызмет еткен жандарға құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы. Бүгінде әр шаңырақта сарқылмайтын тағылымды тәрбиесін ұрпағының санасына сіңірген ардагерлеріміз жеткілікті. Үлкендердің «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды саналады. Сондықтан біз ардагерлердің ұлы істерін ардақтап, болашақ үшін еткен еңбегін бағалай білуіміз керек, - деген ауыл басшысы Бауыржан Нұрлықилымұлы бір топ мерейлі жасқа толғандарға, ұрпақ тәрбиесіне белсене араласқандарға ауданның 95 жылдығы мерейтойлық медалі, Алғыс хат сияқты марапаттарды табыстады.
Мақаш ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлері аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетсе, «Шабыт» мәдениет үйінің өнерпаздары ән, күймен көңілді шараның көрігін қыздырды. Дастархан басында емен-жарқын кездесіп, бір жасап қалған үлкендер жағы жақсы әсерде тарасты.
Айбек МЕЙІРМАН