Игерілмеген жерлер әлі де аз емес. Округтерде өткен жиналыстарда осы мәселе жиі көтеріліп жатады. Бір адамдар жерді алғанымен оны мақсатты түрде пайдаланбайды. Шөбін шауып, соны сатып отыра береді. Енді біреулер жеке кәсібін ашып, мал ұстап, егін салып шаруасын құрайын десе, жер жоқ.
Осыдан келіп түсінбестік туындайды. Ауданымыздың жер қоры 2 млн. 86 мың гектарды құрайды. 2022 жылдың жер теңгерімі есебіне сәйкес 516473 га жердің ішінде алқап түрлері егістік -313, көп жылдық екпе -17, тыңайтылған -205, шабындық -20305, жайылым -460078 гектар. Босалқы жер -1456412 га болса, оның ішінде жайылым -1291853 га. Бүгінде игерілмеген жерлер ауданымыз бойынша да қайтарылу үстінде.
Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах: – Жыл ішінде аудан бойынша жер комиссия мәжілісінің 20 отырысы өткізілді. Комиссия қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 43 бабы және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңына сәйкес, 323 өтініш қаралып, оның ішінде 207 өтініш қанағаттандырылып, 116 өтініші Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне сәйкес түсіндірілді. Пайдаланылмай отырған ауылшаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жалғасуда. Соның нәтижесінде, мақсатына сәкес игерілмей отырған жалпы көлемі 30423 га 53 жер учаскесі, оның ішінде 14947 га жайылым, 100 га шабындық, бағалау құны 62 257 100 теңгені құрайтын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар космомониторинг арқылы аудан бойынша 71 тұлғаның көлемі 72465,78 га игерілмеген жері анықталып, осы учаскелерді мемлекетке қайтару үшін, Атырау облыстық Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Осы қайтарылған жайылымдық жерлер шаруа қожалықтарына және жеке шаруашылықтарға конкурстық негізде табысталады,– дейді.
Қанат ҒҰМАРОВ