Құрманғазыда аудан бойынша игерілмеген жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері жайында жиын өтті, - деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жиынға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, жергілікті атқарушы орган өкілдері, округ әкімдері қатынасты. Басқосуға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Марат Измұханұлы жиналғандарға Атырау облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Құрманова Гүлзия Утемұратқызын таныстырып өтіп, күн тәртібін және жиын регламентін бекітті.
Ауданымызға келген департамент басшысы Гүлзия Утемұратқызы сөз алып:
- Біздің келу мақсатымыздың басты себебі – осы аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы келелі мәселелерді шешу, жолдарын қарастыру. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының жер төңірегінде берген тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару мәселесін қарау біздің жоспарда бірінші кезекте тұр, - деді.
Аудандық мәслихат депутаты Мансур Қуанышалиев хабарлама жасап, аудандағы шаруашылықтар меншігіндегі жерлерге қатысты бірнеше сауалдар жолдады. Өз кезегінде ауылдық округ әкімдері ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, жергілікті шаруа қожалығы иелерінің жер пайдаланудағы кейбір мәселелерін ортаға салды.
Сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Зинетоллаұлы жер мәселесі күрмеуі қиын мәселенің бірі екенін еске сала отырып, ауылдық округ әкімдеріне өздеріне қарасты шаруа қожалықтарына ауылшаруашылығы мақсатында берілген жерлердің тиімді пайдалануын қадағалауды тапсырды. Атырау облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Құрманова Гүлзия Утемұратқызы қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы бос жатқан жерді мемлекетке қайтаруды, оны ел игілігіне айналдыруды міндеттеп отырғанда бұл өзекті мәселені шешуде аудан және ауылдық округ әкімдеріне де үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов қорытындылап, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшыларына күн тәртібінде көтерілген мәселеге орай шаруагерлерді мейлінше жұмылдырып бұл жұмысты тиімді атқаруды міндеттеді.