Бүгінде Атырау волейболы ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де абырой-беделге ие.
Талай жарыстан үздік шыққан команданың мүшесі Ибраһим Сәкенұлы – ауданымыздың түлегі, Жаңаталап ауылының мақтанышы. Ол қазіргі таңда көңіл қуантатын нәтиже мен жанкүйерлер айызын қандыратын ойын көрсетіп жүр. Ауылдас ағаммен ашық сұхбат құрып, әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Өзіңіз жайлы қысқаша айтып берсеңіз?
– Есімім - Надырхан Ибраhим Сәкенұлы. 1995 жылы Құрманғазы ауданы, Хиуаз ауылында дүниеге келдім. Қазіргі таңда Атырау волейбол клубының ойыншысымын. Отбасын құрдым, бір ұл, бір қыздың әкесімін .
– Не себепті спорт жолын таңдадыңыз?
– Спортқа жас кезімнен қызығамын. Оған қызығушылығымды ашқан әкем болатын. Волейболға келер болсақ, мектеп кезімнен бері ойнап келемін. Хоббиім десем де қате емес шығар. Адам мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Ал мен осы жолды жеңіспен аяқтадым.
– Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?
Қазір волейболдағы биылғы маусымды аяқтап, демалыстамын. Әкем мен анамның қасындамын. Ауылдың таза саф ауасымен тыныстап, жыл бойғы шаршауды ұмыттым. Бойыма ерекше күш-жігер толып, әлі де биік белестерді бағындыруға деген құлшынысым артып жүр.
–Жеткен жетістіктеріңіз туралы сөз қозғасақ?
–Атырау волейбол клубы құрамында ойнап жүргеніме 5 жылдай уақыт болып қалыпты, әрине аз уақыт емес. Қазақстан чемпионатында 2019, 2023 жылдары күміс жүлдеге, 2021 жылы қола жүлдеге ие болдым. 2020, 2022 жылы чемпион атандық. Супер кубокты осы жылы алдым. «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» атағын 2020 жылы еншілеген едім. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағына өтініш жіберілді.
–Аудан жастарына қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
–Қазіргі XXI ғасыр дамыған заман болғандықтан, әрбір адам білімге, іскерлікке ұмтылуы керек. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Білім - жеңілмейтін қару. Біз қай салаға барсақ та, білімді адам бір саты жоғары тұрады. Тәуелсіз елімізде Отанымыз үшін отқа түсер нағыз патриот жас ұрпақтың көбейгенін қалаймын. Еңбекқор, іскер, білімді жастар баршамыздың көз қуанышымыз екені белгілі. Сұрақтар легіне жауабым осындай болмақ. Рақмет!
–Берген сұхбатыңызға дән ризамын. Елімізде сіз сияқты Қазақстанның атын әлемге шығаратын жастарымыз көп болсын. Алдағы уақытта болатын жарыстарыңызға тек сәттілік тілеймін. Тек қана алға, чемпион!
Ерасыл Закаров,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, журналистика мамандығының І курс студенті