Еліміздегі ахуалға байланысты аудан әкімі жанынан құрылған төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын өсірмеу жөніндегі штабтың тапсырмасына сәйкес жергілікті табиғат пайдаланушылар қазіргі көктемгі науқан кезінде аудан тұрғындарын жаңа ауланған балықпен қамтамасыз етуде.
Бұл жұмыс 21 наурыздан бері қолға алынды. Су маржандары аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімі арнайы қойып берген арзан бағада тұтынушыларға ұсынылып отыр. Күні бүгінге дейін «Тілекші» және «Ш.Сүлейменов» ЖШС - 1,6 т., «Каспий-балық» ӨК – 4,2 т., «Амангелді» ЖШС – 1,9 т. жаңа ауланған балық түрлерін аудан орталығына әкеліп сатты. Бұл жерде «Каспий-балық» ӨК ерекше белсенділік танытып отыр. Онымен қоса, олардың құлаш-құлаш сазандарына деген тұрғындардың сұранысы жоғары. Ірі, орта, ұсақ бөлікке бөлінген сазандар санаулы уақытта сыпырылып, тұтынушылардың дастархандарына жол тартуда. Оның келісі – 400 теңгеден болса, құты – 150-200, табан – 100, қара балық – 300 теңгеден босатылуда.
Сонымен қатар, «Құрманғазы» СДО «Серпер» базарындағы өз орындарында арзан бағада сиыр, жылқы және түйе етін сатқан болатын. Бұл жақында тағы да ұйымдастырылатынын аудан тұрғындарының қаперлеріне береміз.
А.Шакупова