Ғылымға құлаш ұрған қыр баласы

(0 Votes)

Халқымызда «сүйген құлдың аты көп» демейтін бе еді. Мерпайысты ауыл-аймақ, тума-туыс, достарының бәрі осылай атаса да өмірдегі азаматтығын айқындайтын заңды төлқұжатында есімі Есенғали деп белгіленген.

Сөйтіп оның үйдегі есімі мен қызмет бабындағы ресми ныспысы бір-біріне ұқсамайды. Бірақ біз үшін дәл қазір шешіп алатын мәселе оның аты емес, сол атын көпшілік қауымға танытқан заты, яғни атқарған істері. Сонда не бітірді дейміз ғой. Әлқисса, бітіргені көп оның. Дегенмен біз қашан да «қолда өскен тайлақтың бота аты қалмайдының» керімен арамызда жүргендердің еңбегін көп ескере бермейтініміз шындық. Ендеше дәл қазір ол өткен жолды аз-мұз болса да еске алу керек боп тұр. Алдымен кейіпкеріміздің ата тегі жайлы айтсақ, аталары Беріштің Бесқасқасы. Бұрынғы тұрағы Бекетай құмы болатын. Кеңес өкіметінің дүрбелеңі алдында аз ба, көп пе, жиған-тергені бар, төрт түлігінің арасында қылқұйрықты жылқының қарасы басым, қандай іске де икемділігі көрінетін Есқалидің қос ұлы – Шайхым мен Бисенді бір түнде жылы орнынан көтеріп, күнгейдегі Еділден бөлініп шығатын Қиғаштың бастау алар сағасындағы Бәйбек ауылынан бір-ақ шығарды. Әуелгіде жаңа үкіметтің «барып кел, алып кел» жұмыстарында жүрген олар уақыт өте балық шаруашылығына араласып еді, кейін жер серіктестеріне мүше болып, ойдан қырға, қырдан ойға, тіпті басқа облыстардан мал айдады. Одан сол кезде әрбір артель орталығында бастауыш мектептер, қызыл отау салынуы керек деген пәрменмен біраз жерде тас соғылып, құрылыстар көтерілді. Соған сай қыр бойындағы Жасқайрат, Лаубай, Қаракөбен, Әкімәлі, Сасықтау елді мекендеріндегі мектептерді осы Есқалидың ұлдары Шайхым мен Бисен және олардың балалары тұрғызды. Бір қарағанда, олардан балташылық пен ұсталық та құтылмайтын. Соған сай көрік ұстап, орақ та шыңдайтын.

Жас өспей ме, жарлы байымай ма, бұл кезде қырықтың қырқасына шыққан Шайхымның қыздарын былай қойғанда Нәжім, Ғилаж, Мерген есімді ұлдары да өзіне көмекшілікке жарап қалған. Ал Есенғали болса, Ғилаждың тұңғышы. Бір қызығы, сол Ғилаж ағаның зайыбының да аты Ғилаж болатын. Солардың бас көтергені бес жасында мектепке барды.

Дыңғызылдың ақ құмында 1950 жылдың 12 наурызында дүниеге кеп, Қызылобаның қызыл шағылында өскен ол сол өңірдегі сегізжылдық, Котяевтегі орта мектепті 1966 жылы бітіреді де Гурьев педагогика институтының химия-биология факультетіне түсіп, оны 1972 жылы ойдағыдай аяқтайды. Ұлтық Ғылым академиясының Атыраудағы мұнай химиясы және табиғи тұздар институтында еңбек жолын бастайды. Институт басшылығы алғашқы күннен жерлесіміздің ғылымға деген икемділігін байқап, оны Санкт-Петербург қаласындағы КСРО Ғылым академиясының жоғары молекулалық қосылыстар институтына тәжірибеден өтуге жібереді. Бір ерекшелігі, оның ғылымға деген құлшынысы студент кезінде-ақ байқалған-ды. Ол Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітірерде оқу орны тарихында химиядан бірінші болып, «Бір және қос байланысты кетондардың спиртпен реакциясы» тақырыбында дипломдық жұмыс жазып, оны «үздік» деген бағаға қорғаған-ды. Сол ізденісті Питер қаласы ғалымдары да мойындады. Тәжірибелік екі жылдық мерзімді өтеген соң оны аталған ғылым ордасында аспирантурада оқуға қалдырды.

Түсу емтихандарынан мүдірмей өтті. Бітірген соң Гурьевтегі өзі еңбек жолын бастаған төл институтына қайта оралған ол ғылыми ізденістерін одан әрі өрбітіп, көп жұмыстар жүргізді. Аталған институттың кіші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, институт директорының орынбасары, ҚР Ұлттық ғылым академиясы Батыс Қазақстан бөлімшесі ғылыми-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бас ғылыми хатшысы, Батыс Қазақстан аймақтық ғылыми зерттеулер қорының директоры сияқты жауапты қызметтерді атқарған ол 1999 жылдың қараша айынан бастап, Атыраудағы мұнай және газ институтында аға ғылыми қызметкер, 2004 жылдың ақпанынан «Мұнай химиясының синтезі» зертханасының меңгерушісі, 2012 жылдан бері осы зертхананың бас ғылыми қызметкері боп еңбек етуде. Есенғали Ғилажұлы өткен уақыттардың бәрінде де республиканың батыс өңіріндегі аймақтық ғылымның дамуы жолында айтарлықтай ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, оның ғылымдағы ізденістері де өз жалғасын тапты. Әсіресе, өзі сүйіп таңдаған жоғары молекулалық қосылыстар химиясы саласындағы игі істері айтарлықтай. Ол республикамыздағы мұнай және органикалық химия бағытындағы бірден-бір ғалым. Есенғалидің тікелей араласуымен химия ғылымында металлды таттанудан қорғау, никельдеудегі жалтыратқыш қосындылар, полимерлердің беріктігін сақтау мен қызуға, ультра сәулелеріне төзімділігін, өздігінен сөну қасиеттерін арттыру әдістері жүзеге асты. Мұнай өндіру технологиясындағы бұрғылау ерітінділерін полиакриламид полимерлерін қосу арқылы оның тұрақтылығын сақтау тәсілі де Есенғалидің араласуымен жүзеге асты.

Сондай-ақ, ол кезінде мұнай химиясы және табиғи тұздар институтының ғылыми қызметкерлері, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, химия ғылымдарының докторы Қ.Тоқмурзин, химия ғылымдарының кандидаты М.Дүйсеновтермен бірге машина жасау, әсіресе халық шаруашылығының тұрмыстық саласына аса қажетті кір жуу ерітінділері – перхлорэтиленді шығаратын қондырғыны жасақтады. Кейін профессор, химия ғылымдарының докторы, инженерлік ғылымдар академиясының академигі Т.Серіковпен бірлесіп, Атырау мұнай өңдеу зауытында күкіртті мұнайдан айырудың оптималдық режимін анықтау жолында зерттеулер жүргізді. Ол ашқан кейбір жаңалықтар әр жылдары Қорғаныс министрлігіне қарасты жабық жұмыстарының арнаулы тапсырмаларына пайдаланылды. Нәтижесінде ол 1989 жылы ҚазМУ-дың ғылыми кеңесінде «Циклді және гетороциклді ацетилен спирттерінің метакрил эфирлерін синтездеу және олардың түрленуі» тақырыбында диссертация қорғап, химия ғылымдарының кандидаты атанды. Арада он сегіз жыл өткенде өзі еңбек ететін институттың ғылыми кеңесінде «Мұнай-газ және мұнай химиясы өндірістерінің қалдықтарын өңдеудің және залалсыздандырудың жаңа әдістері және техногендік ластану жайының Атырау облысының өңірлеріне әсері» тақырыбында диссертация қорғап, техника ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

Е.Ғилажов соңғы ширек ғасырда аймақ экологиясының мәселелеріне етене араласып, оның экологиялық жағдайларын зерттеушілердің бірі және ол бұл төңіректегі кейбір түйіндердің шешілуіне қатысты. «Теңізшевройл» ЖШС аумағындағы флора мен фаунаға техногендік әсерді зерттеді. Атырау қаласы мен облыс аудандарының кешенді экологиялық бағдарламаларын жасады. Сонымен бірге, ол студенттер мен мамандарға арналған «Тайсойған әскери алаңының экологиялық жағдайы» (2002 ж.), «Өндірістік қалдықтарды экологиялық сұрыптау» (2004 ж.), «Экологиялық сұрыптау» (2006 ж.) оқулықтарының авторы. Е.Ғилажовтың жетекшілігімен ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің және «АМӨЗ» ЖШС, «Қазтрансойл» АҚ өндірістік ұйымдардың ғылыми жобаларын орындау бойынша жалпы мөлшері 40 млн. теңгеге жуық ғылыми зерттеу жасалынды.

Ол жетекші ғалым ретінде 2018-2020 жылдар аралығында Білім және ғылым министрлігінің бәйгесіне қатысып, «Нысанды қаржыландыру бағдарламасы» бойынша «Мұнай-газ өндірісінің қалдықтарын кәдеге жаратудың және мұнай шламын өңдеудің жаңа тәсілдері» тақырыбындағы жобаны (23 млн. теңге) жеңіп алып жұмыс істеді. Сондай-ақ ол аталған министрліктің тағы бір конкурсында «Бензиннің октан санын арттыратын жаңа оксигенаттардың қасиеттерін зерттеу» тақырыбында 2022-2024 жылдарға арналған «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» жобасының жеңімпазы атанды. Аталған гранттың жалпы құны 62 млн. теңгені құрайды.

Ғалым іргелі және қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысады. Мұнай-химия және экология саласындағы жоғары білікті маман. Соған сай ол ТМД елдері, Англия, Германия, Польшаның ғылыми журналдарында 248 ғылыми және оқу-әдістемелік мақалалар жариялады. Жеке 9 монографиясы жарық көрді. Олардың үшеуі ағылшын тілінде, бұлардан басқа 3 оқу-әдістемелік құрал, 21 Қазақстанның патенттері мен КСРО авторлық куәліктерінің иесі. Есенғали Ғилажұлының 2020 жылы 10 томдық таңдамалы ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді. Ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Баку, Берлин, Париж, Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, басқа да қалаларда өткен халықаралық конференцияларда, симпозиумдар мен семинарларда келелі тақырыптарда баяндамалар жасады. Олардың бәрі де кешенді өңдеуге негізделген заманауи химия өнеркәсібін қалыптастыруға, көмірсутегі және Қазақстан өнеркәсібінің тау-кен металлургия салаларының технологиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми зерттеулер еді. Олары ТМД елдерінің жетекші ғалымдары арасында жоғары бағаланды, есімі 2019 жылы жарық көрген Тәуелсіз мемлекеттер достастығы І халықаралық ғалымдар энциклопедиясына енгізілді.

Ол студенттерге «Органикалық химияның теориялық негіздері», «Мұнайды алғашқы өңдеудің ғылыми-техникалық мәселелері», «Мұнай мен мұнай өнімдерінің сапасына сараптама жасау», «Қоршаған орта объектілерінің химиясы» пәндері бойынша дәрістер оқиды. Сонымен бірге республикалық және халықаралық ғылыми жобалар байқауларына қатысушы мектеп оқушыларына жетекшілік етіп, олардың ішінде әлденеше рет айтарлықтай жүлделерге ие болғандары бар. Е.Ғилажовтың ғылыми жетекшілігімен 17 магистрлік ғылыми диссертация, сондай-ақ бір кандидаттық диссертация қорғалды. Қазірде де ол «Мұнай химиясы» инженерлік бейіндегі зертхананың екі ғылыми қызметкерінің докторлық диссертациясына жетекшілік етеді.

Есенғали Ғилажұлы ғылымға және жастарға мамандық игерту, білім саласына сіңірген қажырлы еңбегі үшін 3 рет ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен (2000, 2010, 2021 ж.ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орнын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2011 ж.), «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2015 ж.), «Мұнай-газ-химия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» (2023 ж.) төсбелгілерімен, медальдарымен марапатталды.

Ол 2015 жылы Атырау мұнай және газ институтының, 2020 жылы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің «Жылдың үздік ғалымы» номинациясы бойынша жеңімпазы болды. 2019 жылы «Қазақстан мұнайына - 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталса, 2020 жылы «Қазақстанның Құрметті профессоры» атағын алды.

Бір сөзбен айтқанда, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Есенғали Ғилажов бұл күнде еліміздегі мұнай химиясы, экология салаларындағы бірден-бір білікті ғалым және ұлағатты ұстаз. Ұйымдастырушылық қабілеті мол шығармашылық қызметкер. Терең теориялық біліммен ұштастырылған бай практикалық тәжірибеге ие. Ол жоғарыда айтқанымыздай, Каспий маңы аймағының мұнай химиясы өнеркәсібіне жоғары білікті кадрларды даярлауға айтарлықтай үлес қосып келеді.

...Өмірде Есенғалиға жолығып «Сенің ғылымға келуіңе не себеп болды?» дей қалсаңыз, ол еш мүдірместен «Әрине, менің химия сынды көп адам бара бермейтін ғылымға келуіме және бұл салада еңбегімнің жануына себепші болған зиялы жандар көп-ақ. Алдымен мектеп қабырғасында бала кезден шұқылап, өмірлік азық етуіме негіз қалаған ұстазым Бекболат Абатов ағай екенін мен еш уақытта ұмытпаймын. Сондықтан ол кісіге тірісінде де рақметімді айтып, құрмет көрсеткен болатынмын. Кейін дүниеден өткенде де рухына басымды иіп, ризашылығымды білдірудемін» дер еді. Ол рас, бала қиялдың ұшталып, болашақ мәңгілік орман алауының тұтануына себепші әрдайым айналаңдағы адамдар. Ал оны қанша есейіп, биіктесең де ұмыту қиын. Өйткені ол мәңгілік алдыңда жарқырап, айдын бетіндегі аппақ желкендей ылғи алға сүйрейді де тұрады. Сен оларға қарап бағыт ұстап, бой түзейсің. Осы арада Есенғалидің Бекболат ағайын ұдайы еске алуын азаматтық, шәкірттік адал жүрегі, борышы деп түсіну керек.

Сондай-ақ, ол студент кезінде, кейін ғылыми қызметте ұстазы болған Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, химия ғылымдарының докторы, академик Қыдырма Тоқмурзинді, оқуды енді ғана бітіріп, мамандықты неден бастаймын деп жүргенде қолынан жетектеп, маңдайынан сипаған тәлімгері, институт директоры Тельман Ғабитұлы Сарбаевты, Питердегі жылдарында жетекші болған ғылым докторы, профессор Ирина Александровна Арбузованы, кейін ғылыми дәрежелер аларда ұдайы ақыл-кеңестерін беріп, жетекшілік еткен, нағыз ғалымдық деңгейге көтерген академиктер Муфтах Диаров пен Төлеуіш Серіковты әрдайым құрметпен еске алып, оларды тәлімгер-ұстаз, өмірде қатар жүрген аға достар деп есептейді. Әрдайым сағынышпен еске алады. Осы ретте Есенғали алыптардың тұяғы болған халқымыздың қадірлілері Бөкейхановтардың тұқымы белгілі ғалым, профессор химия ғылымдарының докторы Нұрым Райымжанұлы Бөкейханов, сондай-ақ парасаты мен байыбы қатар өрбіген академик Шмидт Мүсаұлы Айталиев, профессор ф.ғ.д. Құрамыс Ермекұлы Ермеков, облысыздың құрметті еңбек ардагері Орынбасар Таңатарұлы Еркіновтен бірге жұмыс істеп, әріптес, сыйлас болғандығын әрдайым мақтаныш етеді.

Біз бүгінде бұрынғы бала болған Мерпайыс, бұл күнде есейген Есенғали жайлы осылайша ауыз толтырып айта аламыз. Бір қарағанда, өмірдегі жақсы дос, жалаңтөс жолдас туралы бұдан да жылы және кеңірек, болмысындағы барлық қырын ашып, мөлдіретіп жазуға болар еді, бірақ шығармашылық адамға қалғуға мұрсап жоқ. Зейнеткермін деп шектеу болмайды. Қанша есейсең де жүрек қалауы көп, басыңда сан тарау ойлар бар. Соның бәрін қағазға түсіру, оны ел келешегіне арнау, Жаңа Қазақстанды көркейту бәріміздің асыл парызымыз. Соған сай біз бұл күнде бәріміз де үлкен көштің сапында келеміз. Сол саптан шықпасаң, сен әлі де өз ғылымыңды дамыта беретін боласын. Лайымда шығармашылық көшің тоқтамасын. Есенғали қырда туып,құмда өсті.Біздің дөң – дөң Дыңғызыл қауын – қарбыз өсіріп даңқы шыққан жоқ. Есесіне ел қадірлісі болған сендей қоңыр-қоңыр ұл-қыздарымен атын шығарды. Соның бірі сен - Есенғали Ғилажов. Атың ардақтала берсін ақ құмда туған қоңыр ұл – қыр баласы.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT