Бұған дейін Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Гүлнәр Хасанованың басқа жұмысқа ауысуына байланысты аудан әкімдігі аппаратында жиын өтті, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев мемлекеттік қызметке 30 жылға жуық уақыт еңбек сіңірген әріптесі Гүлнәр Әдебиетқызының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқанын және жауапты жұмыста абырой тұғырына, бедел биігіне көтерілген ардақты жан екенін атады.
- Мемлекеттік қызмет саласында сіз өзіңізді әр жылдары білікті басшы, кәсіби маман ретінде көрсете білдіңіз. Өзіңізге жүктелген жауапкершілікті адалдықпен атқарып, жас буынға үлгі болдыңыз. Өміріңіздің ең қымбат жылдарын аудан халқына қызмет етуге арнағаныңыз үшін алғыс айтамын. Жаныңызға демеу болып, қолдап, берік тірек болып келген жанұяңызға да ризашылығымды білдіргім келеді. Сізге ұзақ та бақытты өмір, сарқылмас денсаулық және алдағы жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін, - деген аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев әріптесіне өзінің алғыс хатын табыстады.
Жиын барысында қадірлі әріптеске деген құрмет мұнымен шектеліп қана қоймады. Сөз кезегін тізгіндеген аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова да ақ тілегін ақтарып, өзі жетекшілік ететін бөліммен қоса, аудандық экономика және қаржы бөлімі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бірлесе жасаған Құттықтау хатын ұсынып, әріптесті құрмет төріне көтерді.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдурахман Муса бұрынғы әріптес туралы жылы лебіздер айтып, тілеулестік танытты. Өз кезегінде Гүлнәр Әдебиетқызы әріптестері тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, олармен бірге қызмет еткен жылдар өмірінің ең бір ұмытылмас сәттері ретінде есте жатталарын жеткізді.