Гранттан әркімнің де бар үміті

(0 Votes)

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарайтын комиссияның кезекті отырысын аудандық жұмыспен қамту орталығының  директоры  Базарбай Өтеулиев ашып:

– Грант 29 жасқа толмаған, оны алуға өтініш бергенге дейін үш жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жас кәсіпкерлерге, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектерге, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдарға, жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз немесе бір реттік жиынтық төлемді төлейтін  халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Біз араласпаймыз, базаға өтінішті өздері жібереді. Бұрын 40 адамнан өтініш қабылдап жүрдік. Енді, 10 күн ішінде 70 адамнан алуымыз  керек. Соның, 21-іне грант тиеді. Әрине, оған бизнес жоспарлары сәйкес келуі қажет. Қазан айынан бастап грант мал алуға да беріліп отыр. Қазір кәсіпкерлікті  онлайн оқып алады. Кәсіпкерлікке оқығандардың сертификаттары 3 жылға дейін пайдаға асады. - деп  комиссия құрамына жаңадан енгендерге оның жұмыс барысынан қысқаша түсінік беріп өтіп, 70 адамның өтініші қаралғалы отырғанынан хабардар етті.

grant-tty1

Грантқа өтініш берушілер тізім бойынша ішке шақырылып, өздерінің бизнес-жобаларын таныстырды. Оларға комиссия мүшелері аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Қазиханов тарапынан  жобаларына қатысты сұрақтар қойылды. Жалпы бизнес-жобалардың ішінде құс өсіру, наубайхана ашу, ағаш материалдарынан терезе дайындау,  жасап отырған кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар алу және тағы басқалары бар болғанымен, басым бөлігі мал шаруашылығы саласына қатысты екен. Кейбір үміткерлер жобаларын жақсы таныстырып, қорғап шықты. Жобаларынан, сөз саптауларынан-ақ алға қойған мақсаты айқындалып тұрды. Енді біреулері жоба жасағанда қате жіберген. Мысалы, 1 млн 200 мың грантқа мал аламын дейді, көрсетілген түліктің бағасы грант мөлшеріне жетпейді. Сөйтсе, қалған ақшаны сол малға шөп алуға бөліп қойыпты. Оларға грант тек мал алуға ғана жұмсалатыны, жобасын қайта жасап, комиссияның келесі отырысына қатысуы керектігі ескертілді. Сол сияқты бұзауымен аналық мүйізді ірі қара аламын  деген үміткер, төлінің бағасын қате көрсеткен. Құс өсіремін деген адамның бірі  грантқа  он тауық  аламын деп жазыпты. Малдың сүтін сатамын деп көрсеткен үміткер  оны  дұрыс есептемеген. Көрсетілген соманы айға, күнге бөліп, сауылатын сүттің литрін шығарғанда  бір сиырға келетіні  литрге жетпейтін  қалды.

Мұның бәрін грант алудан үміткерлер алға қарай осындай кемшіліктер жібермесін деп жазып отырмыз. Бір кемшілік кетсе, қабылданбайды. Базаға салған жобасында қателік  кетіп, басқасын жасап әкеліп ұсынғандар да бар. Қайта жасағандарыңыз базаға енбегендіктен қабылданбайды. Гранттан әркімнің де үміті болғанымен  жоба жасағанда «Он рет өлшеп, бір рет кес», дегендей, мұқият қараңыздар. Себебі, екінші мәрте келіп те жобасы жарамсыз  болғандарды көрдік. Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, ақыл-кеңес алсаңыздар да артықтық  етпейді. Үшінші реттен кейін грантқа қатыса алмайсыздар.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарайтын комиссияның шешімімен 21 адамның бизнес жобасы грантқа лайық деп танылды. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT