Головкин мен «Канело» үшінші жекпе-жекке қатысты келіссөзді бастады

(0 Votes)

Қазақстандық Геннадий Головкин мен орта салмақта әлем чемпионы Сауль Альварестің командалары үшінші жекпе-жек бойынша келіссөзді бастады, бірақ екі тарап бір шешімге келе алмай жатыр.

Бұл туралы Sport Illustrated тілшісі әрі DAZN стриминг сервисінің жүргізушісі Крис Мэнникс айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.

Командалар үшінші жекпе-жектің өтетін орнын шеше алмай отыр. Головкин Нью-Йоркте немесе Техас штатында жұдырықтасуды қаласа, Альварес трилогияны Лас-Вегаста аяқтауды жөн көреді. Қазақстандық боксшының Лас-Вегаста өткен алғашқы екі жекпе-жектегі төрешілердің қазылығына көңілі толмаған – екі кездесуде оған алты төрешінің біреуі ғана жеңіс берген еді.

Golden Boy промоутерлік компаниясы 21 маусымның соңына дейін Головкиннің командасымен трилогия өткізу бойынша келіссөз жүргізуге дайын, кейін басқа кандидаттарға ауыспақ. Мэнникстің мәлімдеуінше, екі тарап келісе алмайды.

Головкин мен Альварес үшінші жекпе-жектен көп қаражат алады. Екі боксшы да DAZN-мен келісімшартқа отырған, ал стриминг сервисі жекпе-жекті биыл өткізуді қалайды, себебі ол жазылушылар санын арттырады.

Айта кетейік, 9 маусымда Головкин DAZN-дағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, Нью-Йоркте канадалық Стив Роллсты нокаутпен жеңген болатын. Жекпе-жектен соң Головкин Альваресті трилогияны аяқтауға шақырған еді. Головкин мен «Канело» бұған дейін екі рет жұдырықтасқан. Боксшылардың алғашқы жекпе-жегі тең аяқталса, кейін мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521