Гобелен кілем тоқудың шебері

(0 Votes)

Нәзік жандылар арасында әр салада ауданымыздың абыройын асқақтатып жүргендері аз емес. Көктемнің көрікті мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай бүгінгі әңгімемізде  солардың  бірі  жайлы  әңгімелемекпіз. 

 «Өнерлінің  өрісі кең», деп дана халқымыз текке айтпаған ғой. Бүгінгі кейіпкеріміз  Мақаш ауылдық округінің тұрғыны Адила  Қуандықованың қолөнермен айналысқанына  бақандай 30 жыл толыпты. Осы  уақыт аралығында қалың көпшілікті сүйсінткен  тамаша өнер туындыларын өмірге әкелді. Олар аудандық, облыстық, республикалық  сайыстарда лайықты бағасын алып, «Үздік шебер» атанды. Жақында Астана қаласында өткен республикалық «Ұршық Пати» қолөнер форумында тағы да ауданымыздың мерейін  көтеріп, шәкірті  екеуі  жүлдемен оралды. «Қол өнері – кілемде, Сөз өнері – өлеңде», дегендей кейіпкеріміз кілем тоқумен де айналысады.

 – Гобелендік  кілемдер тоқимын. Оларда танымал тұлғаларды, адамдарды, табиғаттың тамаша көріністерін бейнелеймін. Қазір қоғамда гобелендік кілемнің жаңа түрі брендке айналып отыр. Сол сияқты моншақпен шәйнек, құман астына қоятын тарамдар, пластиктен қағаз майлықтарды салып қоятын ыдыс тоқумен де айналысамын. Канвамен тоқу  торлы маталармен, пластикпен  жасалады, оны да меңгергенмін. Астана қаласында 17-19 ақпан аралығында өткен «Ұршық Пати» форумында маған Алғыс хат, төсбелгі, «Ұршық» қоғамдық бірлестігінің мүшелік куәлігі мен «Жүлдегер» мүсіні табысталды. Бас қаламызда  ұйымдастырылған  республикалық «Хас шебер» байқауында да «Хас шебер» мүсіні беріліп, жұмысым сайыстың арнайы кітабына енген  еді, – дейді Адила Ғимыранқызы.

 Үйдегі апасы  Күләштің  кесте тоқығанына  қарап қолөнерге деген қызығушылық  туындаған. Оны үйрену  қиынға соқпаған. Ал гобелендік тоқуға 1996 жылы Атырау қаласындағы білім жетілдіру институтына  арнайы курсқа  барғанда  ден қойған. Бір күні «Дина» базарының сыртында орыс кемпір гобелен кілемін тоқып отырғанын байқаған. Содан 1 апта бойы кешкі  сағат 17-18-ге  дейін  қант  қапшығының  бетіне тоқуды үйренген. Кейін гобелен кілемін тоқудың ерекшелігін зерттей отырып, педагогикалық оқуға қатысып ауданымыз, облысымыз бойынша бас жүлде, республикадан І орын иеленген. Шәкірті Сезім Ермекова ғылыми жобаға қатысып, жүлделі  орыннан көрінген. «Өнерлі бала – елдің көркі, Үкілі қамыс – елдің көркі», демекші, бізбен әңгімесінде Адила шебер: 

– Ұстаз жетістігі – шәкірт тәрбиелеудегі еңбегімен бағаланады. Тәрбиелеген  оқушыларым аудандық облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары болып жүр. Әрине, бұл  мен үшін үлкен  мерей. Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектептің  8-9 сынып  оқушыларына моншақпен тоқуды, қуыршақ дайындауды, оларға қазақтың ою-өрнектерімен кестеленген киімдер, ұлттық бас киіміміз тақия  тігуді үйретемін. Астана қаласында 17-19 ақпан аралығында өткен «Ұршық Пати» форумына менімен бірге шәкіртім, Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектептің  9 «а» сыныбы оқушысы  Сәулет Омарова да қатысып, жүлделі орын иеленді. Сәулет  сурет салады, гобелендік  кілем тоқи біледі. Байқауға өзінің майлы бояумен салған портреттерін, Құрманғазының, тақырыпқа  сай дайындаған ұршық тоқып отырған ананың бейнесін апарды. «Ұршық Патиде» шәкіртіме  төсбелгі, Алғыс хат, «Ұршық» қоғамдық бірлестігінің мүшелік куәлігі табысталды. Сәулет  былтыр желтоқсанда өткен облыстық «Хас шебер» байқауында І орын алды. Астанадағы  «Хас шебер» байқауында Алғыс хат пен «Хас шебер»  мүсіні  берілді. Гобелендік тоқудан республикалық байқауда кесте өнерінен Айсәуле Болатова І дәрежелі дипломмен марапатталып, Алфия Темірғалиева «Ұлттық қолөнер – Бабалар мұрасы» байқауының жүлдегері атанды. Тағы бір шәкіртім Ұлбосын Құлесованы да мақтанышпен айта аламын.

Әрбір тоқу өнерінің өзіне тән ерекшелігі, қиындығы, қызығы мен шыжығы болады. Тоқу бұйымдары, оларға пайдаланылатын материалдар да әртүрлі. Мысалы, гобеленнің тықыр және түкті  екі түрі бар. Тықыр кілем станокпен, түкті кілем станоксыз инемен өрнек бойын қуалай отырып, жіпті біріктіру арқылы тоқылады. Кесте өнеріне арналған канва ол мүлдем бөлек нәрсе. Кілем, сөмке тоқуға пластик материалдан дайындалған канва пайдаланылады. Менің алға қойған басты мақсатым – қолөнерді дамытуға өз үлесімді қосу, кейінгі жас буынды оған баулу. – дейді.

Кейіпкеріміздің мамандығы бастауыш пәні, тарих, көркем әдебиет мұғалімі. 1988 жылы жолдасы дүниеден өткеннен  кейін  3 қыз, 2 ұлын жалғыз  тәрбиелеп  келеді. 2 қызы ана жолын қуып ұстаздық қызметті таңдаған. Біреуі  Атырау қаласындағы спорт мектебінде жұмыста. Екі баласы ауылда еңбек  етеді. Алты жиен сүйген бақытты әже.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT