Ғұмыры ғибрат ғазиз жан

(0 Votes)

«Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің және Қазақстан халқы Асамблеясының «Ел анасы» атағының иегері, ауданның Құрметті азаматы, білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Балғаным Хасенқызы мерейлі 70 жасына толды.

Мерейгер 40 жыл бойы ұстаздық жолға арнап, оның біраз бөлігін мектеп директорлығы қызметінде болды. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегі ескеріліп, бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттардың иегері атанды. 2016 жылдан бастап аудандық аналар кеңесінің төрайымы ретінде  отбасы татулығын нығайту, әйелдердің қоғамдық ортадағы рөлін арттыру бағытындағы қоғамдық жұмыстарды белсенді атқарып келеді.

Мерейлі жасына орай Балғаным Хасенқызын алдымен аудан әкімдігінде қабылдау өткізіліп, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов мерейгерге Алғыс хатын табыстап, құрметін көрсетті. Аудандық мәслихат хатшысы Гүлжанат Қалиева да құттықтау хатын табыстады.

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Ғұмыры ғибрат ғазиз жан» атты мәдени шара өтіп, сахна төріне мерейтой иесі немересімен бірге үлкен қошеметпен шақырылды. Салтанатты кештің ұйымдастырылуына аудандық аналар кеңесі ұйытқы болды. Шара ауданға белгілі өнерпаздар Толыбай Қажыгереев, Жандос Нуриденов, Дайынбек Ризабектің орындауындағы «Әйел – ана» әнімен басталды. Содан соң мерейгердің өмір жолынан деректер беретін ақпараттар назарға берілді.

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Кенжегүл Мусағалиева, кадр бөлімінің басшысы Софья Дарибаева және «Әйелдер альянсы» бірлестігінің төрайымы Жанар Ильясовалар сөз алып, Балғаным Хасенқызының қоғамдық жұмыстағы белсенділігіне бағаларын берді. Облыстық мәслихат депутаты, «Жансая» көшбасшы әйелдер клубының жеткшісі Замзагүл Карсакова, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы, аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анар  Мусина мерейтой иесінің атына ыстық лебіздерін білдірді.

Балғаным Хасенқызының бастамасымен ақын Т.Дәреловтің сөзіне, сазгер Т.Зайнуллиннің әніне жазылған  аналар кеңесінің гимніне айналған «Ақ жаулығым - қазынам» әнін М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің жанынан құрылған әжелер ансамблі орындады.

Мерейгердің ұстазы, Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұханбетов, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Тоты Бақтыгереева, аудандағы барлық  мектептер директорлары атынан Ломоносов жалпы орта мектебінің директоры Толқын Әжғалиева құрмет иесі жайлы ақжарма тілектерге кезек берді.

Он сегіз жыл басшысы болған Абай атындағы жалпы орта мектебінің ерекше музыкалық құттықтауы мерейгерді де, залған жиналғандарды да толқытып тастады.

Осы мектептің бұрынғы мұғалімі, қазірде Атырау қаласында жұмыс жасайтын Ақмарал Қаменованың бейнесәлемдесі де мерейгерге деген алғысты айшықтай түскендей әсер қалдырды.  

Ұстаз-анаға арналған мәдени шара Нұржау мәдениет үйі жанынан құрылған аналар ансамблі тамылжыта шырқаған «Туған күн кешінде» әнімен және Балғаным Хасенқызының толқи сөйлеген тамаша сөздерімен тәмамдалды.

 

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521