Гимнастикалық воркаут алаңын салып берді

(0 Votes)

Соңғы кездері білім ұясынан түлеп ұшқан шәкірттердің мектеп бітіргендеріне 20, 30, 40 және басқа да мерейлі жыл толуына орай бас қосқанда оқыған орынына, ауылына сыйлық жасауы үрдіске айналды.

Осы бір тағылымды ізгі дәстүрді Шортанбай орта мектебін 2003 жылы аяқтағандар да жалғастырды. Бүгінде қияға қанат қағып, әрқайсысы түрлі саланың тұтқасын ұстап жүрген түлектер 20 жылдан кейін кездескенде өз қаражаттарына балаларға және жастарға арналған ашық спорт алаңы – барлық жаттығу құралдарымен жабдықталған гимнастикалық воркаут салып берді.

Сонымен қатар, балаларды тегін батутта ойнатып, балмұздақ, ауыл үлкендеріне қымыз бен бауырсақ таратты

Гимнастикалық воркауттың ашылу салтанатында Шортанбай ауылдық округінің бас маманы Темірбек Қайырболатов құттықтау сөз сөйлеп: –

Қазақта «Бітер істің басына – жақсы келер қасына», деген қанатты сөз бар. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің туған ауылына осындай сый жасауы, ауыл жастарына, өскелең ұрпаққа арнап воркаут алаңын салып бергені көпке үлгі боларлық іс. Ауылымыздың жылдан-жылға көркейіп, бірнеше жарқын жобалардың жүзеге асып жатқаны бізді әрқашан қуантады, – деп округ әкімінің атынан ризашылығын білдірді.

Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілекбай Машанов өз сөзінде туған ауылын ұмытпаған жастарға ақ тілегін арнап, 1973 жылы Алматы қаласында болған жарысқа қатысып, жеңімпаз атанғанда алған шағын мүсінді жақында ғана оңтүстік астанада бокстан өткен чемпионатта І орын алған жас спортшы Жансерік Бауырбекұлына тарту етті.

Воркаут алдына керілген лентаны Шортанбай ауылдық округінің бас маманы Темірбек Қайырболатов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілекбай Машанов қиды.

Ізгі тілектер легін мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер атынан Амантай Жунусов, Бақытжан Уразалиев жалғап, мақсат – ауыл жастары салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне беруіне жағдай жасау екенін жеткізді.

Қанат Доспанов жас спортшы Жансерік Бауырбекұлына әкелерінің құрдастары атынан ақшалай байрағын ұсынды.

Шарада түлектердің ұрпағы Амира Райымбек әдемі ән орындап, Шортанбай орта мектебі жанындағы «Еркем-ай» би тобы өнер көрсетті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT