Ғибратты ғұмыр

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық мұражайында есімі ауданымызға танымал азамат, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Теңіз халық театрының негізін қалап, 40 жыл режиссері болып еңбек етіп, 80-нен аса рөлдерді сомдаған әртіс, әрі айтыскер ақын, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенғали Құмарұлының туғанына 95 жыл толуына орай «Ғибратты ғұмыр» атты мәдени шара өтті.

Оған ағамыздың ұрпақтары, бірге жүрген жолдастары, Дүйсенғали Ғұмаров атындағы Халық театрының ұжымы, мектеп оқушылары қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов:

– Дүйсенғали ағамыз Д.Ғұмаров атындағы Халық театрының режиссері, негізін қалаушы, жанашыры екені бәрімізге белгілі. Режиссер – сахналық қойылымның көркемдік тұтастығын сақтап, кейіпкерлердің өзара қатынастары арқылы саяси-әлеуметтік, азаматтық және басқа да көптеген мәселелерді көтеретін спектаклдің қоюшысы, шығармашылық жағынан ұйымдастырушысы, әрі авторы. Ол қойылымның ойын, тақырыбы мен тартысын анықтайды. Оның сахнадағы көркемдік шешімін қарастырып, жол табады. Осы орайда ағамыздың ауданымызда театр өнерінің дамуына қосқан үлесі зор. «Өткенсіз бүгін жоқ», демекші, біз Д.Ғұмаров секілді Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкерін әрдайым жас ұрпаққа үлгі етуіміз қажет, – дей келе, шара кейіпкерінің ұрпағы Асқар Ғұмаровқа Естелік хат табыс етті.

Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов Дүйсенғали Құмарұлын бала кезінен жақсы білетінін айтып:

– Пьесаларда басты рөлдерді сомдағаны есімде. Кейіпкерлерін жан-тәнімен беріліп ойнайтын еді. Оның бергі жағында бірнеше шәкірттер тәрбиеледі.Театр ұжымына Халық театры атағын алып берді. Зәмзәм Исмағұлов екеуі керемет дарынды адамдар болды. Соның нәтижесінде Қазақстанға еңбегі сіңген мәдени қызметкер атағын иеленді. Ол кезде екінің біріне бұйырмайтын мұндай атақты бүгінгідей бере салмайды, тер төгіп еңбек еткенде ғана қолы жетеді. Тәрбиелеген шәкірттері еліміздің әр өңірінде өнер саласында жұмыс жасап жүр. Ол кісінің өмір жолы ұрпақтарына ғана емес, жалпы елге өнеге, – деп шараны ұйымдастырып жатқан аудандық музейдің директоры Жазира Хайрошева бастаған ұжымға, арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратовқа алғысын жеткізді.

Д.Ғұмаровпен үзеңгілес болған жолдастары, аталмыш театрдың ардагерлері Ізбасар Саконов, Әуез Ізжанов, Талшын Мырзабекова, Гауһария Төкестаева өз сөздерінде шара кейіпкерінің елге сіңірген еңбегін, адамгершілігі мен ізеттілігін айшықтай түсетін әсерлі, ұлағаты мол, сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында Д.Ғұмаров атындағы Халық театрының өнерпазы Толыбай Қажыгереев «Ақбұлақ» әнін орындап, режиссері Айжанар Ғапуова Дүйсенғали ағаның арнау өлеңін оқып, мектеп оқушысы Бекзат Ибрагимов «Ел айырылған» күйін төгілтті. Аудандық музейдің экскурсоводы Алмагүл Жанғалиева Д.Ғұмаровтың тектік құжаттары, марапаттары мен еңбектері қойылған көрмеге шолу жасаса, жас өлкетанушы Аянат Ғарифолла өмірбаянымен таныстырды. Ұрпақтары атынан сөйлеген, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Асқар Ғұмаров:

– Әкеміз өнер адамы ғана емес, жақсы психологта болды. Сахнаға бейімі бар адамдарды жазбай танитын. Оларды тәрбиелеп, әртіс етіп шығару көп адамның қолынан келмейтін. Бұл үлкен еңбекті, төзімділікті талап ететін. Сол себепті театр ұжымы қатты сыйлайтын. Теңіз Халық театрының ұжымы өнерге шын берілген жандар еді. Мысалы, Ақбала Қаюпова апамыз 6 айлық баласын тастап, ұжыммен бірге Алматыға барып, 13 күн өнер көрсетіп келді. Бүгінде мұны көрінгеннің қолынан келеді деп айта алмаймыз. Осындай адамдардың өмірінен бүгінгі жастар үлгі алса дейміз, – деп, аудандық музей ұжымына ризашылығын білдіріп Алғыс хатын табыс етіп, театр ардагерлері мен ұжымы мүшелеріне «Естай би ұрпақтары» атты кітабын сыйға тартты.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521