Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектебінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Ержан Рахметқалиұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Тау алыстаған сайын жақын көрінеді...» тақырыбында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Қатысушылар ардагер ұстазды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мың бұралған биші қыздар өнері тамашаланғаннан кейін Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотов сөз сөйлеп, шараға сәттілік тіледі. Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Карсаков Е. Рахметқалиұлының елге, шәкірт тәрбиесіне сіңірген еңбегі, өнегелі өмір жолы бар азамат болғанын атап өтті. Келесі кезекте ағайындары атынан інісі Жангелді Рахметқалиев осындай салтанатты жиын ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Абыз ұстаздың шәкірттері атынан медицина саласының майталманы, профессор Жексенбай Нысанов ғибаратты ғұмыр иесін тебірене еске алып, өздері үшін орны бөлек болғанын, есімі ешқашан өшпейтінін жеткізді.
Ұстаздық жолды таңдап, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ержан Рахметқалиұлының шәкірттері бүгінде әр салада еліміз үшін еселі еңбек етіп жүр. Солардың қатарында жоғары дәрежелі онколог-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ғалым, Атырау облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері қызметтерін атқарған, бүгінде Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Жексенбай Нысанов, Атырау, Павлодар облыстық қаржы басқармасының бастығы болған Қибатолла Дәулетов, Мақсот Қабдолов, аудандық қаржы бөлімінің бөлім бастығы, ауыл шаруашылығы бөлімінің бас есепшісі және аудандық мәслихаттың ревизоры Жангелді Мырзағалиев, мектеп директоры ретінде жұмыс жасаған Амангелді Карсаков, Найля Хасанова, Роман Байғазиев, түрлі лауазымды қызметтерде еңбек еткен Жаннат Мырзағалиева, аудандық мәслихаттың депутаты Сатқан Қалиев, мұнай компанияларын басқарған Бақытжан Хасанов бар. Аталған шәкірттерінің алды зейнетте, соңы қызметте.
Атырау облыстық ономастикалық коммиссиясының 2023 жылғы 14 сәуірдегі қорытындысы негізінде Атырау қаласы, Еркінқала округіне қарасты «Балауса» шағын ауданындағы №32-көшені Ержан Рахметқалиев көшесі деп атау туралы шешім шығарылды. 2023 жылы 5 қазанда көшенің жаңа атауы Ержан Рахметқалиев көшесі спутниктік картаға түсті. Бұл көшенің бойында 50-ден аса тұрғын үй, дүкендер мен кафелер орналасқан. Жалпы ұзындығы 1,900 метр. Ауданы 114000 шаршы метрді құрайды. Ізтілеу Көпбаев, Тәжібай Буданов, Рысқали Хасанов, Сатан Жұмағалиев көшелерімен қиылысып жатыр. Шара барысында көшенің ашылу салтанатынан түсірілген бейнежазба көрсетілді.
Соңында Ержан Рахметқалиұлының 100 жылдығына арналған шахматтан өткен «Ойы озықтың – жолы озық» турнирінің, автоматты жартылай бөлшектеу және жинау сайысының, «Мен соғысты жек көремін» эссе байқауының жеңімпаздарын шәкірті Жаннат Мырзағалиева, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Карсаков, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры Гаухар Нұғыманова марапаттады. Шара «Соғыс болмаса екен» атты әнмен тәмамдалды.
Айнагүл Шакупова