Газет шығарудың қиындығы мен қызығы мол

(0 Votes)

Қандай саланың болмасын өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді.

Журналистика да одан кенде емес. Санай қалсаңыз бір қолдың саусағын толтырмайтын қаламгері бар аудандық газетте жұмыс жасау жан-жақты болуды талап етеді. Себебі мемлекеттік тапсырыстың өзі ондаған тақырыпты қамтиды. Экономика, қаржы, демография, гендерлік саясат, ауыл шаруашылығы, қарулы күштер, жастар саясаты, маскүнемдікпен, нашақорлықпен, адам саудасымен күрес және тағы басқалары. Осылай жалғасып елу тақырыптан асып жығылады. Бәрі де қазіргі қоғам үшін керек нәрселер. Газет бетінен көрініс табуы тиіс. Өйткені біз мемлекеттің саясатын жергілікті жерде насихаттаушы, билік пен халықтың арасын байланыстырушы алтын көпірміз.

Аталған тақырыптардан басқа атқарушы билік пен өкілетті органдар, бөлімдер мен мекемелер аудан көлемінде өтіп жатырған түрлі шаралардың басылым бетінен көрініс тапқанын қалайды. Шақырады, барамыз. Қатысамыз, жазамыз. Олардың өздері де жоғары тұрған басшылары берген тапсырмаларына орай мақалалар жолдайды. Кейін қашан шығады, жатып қалды ғой деп телефон шалып, жиі мазалауға көшеді. Оқырмандардан, штаттан тыс тілшілерден хаттар да жиі келіп жатады. Оларды да қарап, өңдеп, газет талабына сай етіп дайындайтын жоғарыда аталған саусақпен санарлық журналистер. Сәрсенбі күні газет кеткеннен кейін алдағы нөмірде жарық көретін материалдар жоспарланады. Бас редакторымыз Айнагүл Күнұзаққызы онда аса маңызды жаңалықтар мен мемлекеттік тапсырыс тақырыптары қамтылуын үнемі бақылауда ұстайды. Маңызды ақпараттар сол бойда сайтымызда да көрініс табады.Тұрғындар тарапынан көкейкесті мәселелерді көтерген, журналистер тарапынан жазылған сыни материалдарды қарап, алдағы сандарда жарық көруін назарында ұстайды. Соған орай жергілікті әкімдіктер мен жауапты мекемелерге шығып қандай шаралар алынып жатырғанын қадағалайды.

Сондықтан кәсіби мерекемізде әріптестер жайлы қалам тербемесек, басқа уақытта біз үнемі өзгелерді жазамыз.

Сөзіміздің әлхиссасын жыл басында тоқсан жылдық тарихы бар «Серпердің» бас редакторы болып тағайындалған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айнагүл Шакуповадан бастайық. Айнагүлдің үлесіне газетті әлемге індет таралған қиындықтарға толы уақытта басқарып, алға бастыру сияқты ауыр міндет тиіп отыр. Нәзік жанға бұл оңай шаруа емес. Үлкен шеберлікті, ұйымдастырушылық қасиетті талап етеді. Соған қарамастан оны абыроймен атқаруға, сенім үдесінен шығуға бар күшін, ынта-жігерін салуда. Өзінің қарапайымдылығымен, сызылып тұратын сыпайылығымен, адамдармен жақсы тіл табыса білетіндігімен ұжымға да, ауданға да сыйлы.

«Серпер» дегенде оны Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, басылымның көнекөз серігі Айбек Нәжімовсіз көзге елестету қиын. «Тау жер жаралғаннан бері бар», дегендей Айбек те осы басылымда ұзақ жылдар бойы тер төгуде. Таусыз құрылық болмайтыны сияқты Айекең жоқ болса орны қазан шұңқырдай үңірейіп тұрады. Мөлдіретіп жаза да, көз тартатындай көркем етіп беттей де алады. Суретке де жақсы түсіреді. Түсірген суретіміз кейде көңілінен шықпай жатады. Енді ше профи болу деген бір басқа ғой. Сонау екі мың оныншы жылдардың басында жоғарыдан берілген тапсырма бойынша кеткелі жатқан газет беттерін қайтадан бұзып сол кездегі облыс әкімінің өткізген шарасын салатынбыз. Себебі, аудандық газет аптасына бір рет шығады. Келесі аптаға қалса ол шара өзінің маңызын жояды. Сонда Айбек пен Асанәлі Ғұмаровтың таңға дейін жүргенін де көргенбіз. Соңғы жылдары ғой газеттің баспаханаға ерте кетіп жүргені. Ұзақ жылғы еңбегіне орай талай марапаттар алып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» деген медалді де кеудесіне тақты.

«Серпердің» тағы бір «старожилі» менеджер Ақмарал Оразғалиева. Ақмарал да еңбек жолын осында бастады. Содан бері екі ондықты артқа тастады. Жыл сайын жарнама жөніндегі тапсырманы орындап, көңілі орнына түсіп, жаны жайланады. Оған дейін «Апырау бүгін келушілер аз», деп есік жаққа телміре қарап, құда күткендей дебігерсізденеді. Газетке хабарландыру мен құттықтау берген адамдарды көп кідіртпейді. Жазылған сөзді фотосымен бірге қаламмен санап жіберіп, сатырлатып калькуляторға соғып «От вас пять тысьяча», кешіріңіз «Сізден осындай сомма» деп бірден айтады. «Тағы біреу келмес пе екен» дегендей есік жаққа бір қарап жіберіп, дереу алған хабарландырулары мен құттықтауларын теруге кіріседі.

Гүлдана Бралиева да алғашқы еңбек жолын аудандық басылымда бастаған үшінші әріптесіміз. Зулап жатқан уақыт-ай десеңізші. Ол газетке келгенде дүние есігін ашқан сәби кәмелет жасына толатын он алты жыл артта қалыпты-ау. Бұрын Таңатар, Асқар ағаларымыз барында солардың жазғанын компьютерге теретін. Ол кісілер зейнеткерлікке кеткеннен кейін газет беттеуші болып шыға келді. Бұл Гүлдана сияқты дарынды әріптесімізге қолғап ауыстырғандай оңай екен. Қазір сол жаңа жұмысының қыр-сырын жақсылап меңгеру жолында тынбай жұмыстануда.

Айданамен танысқанымызға да үш жылға жуықтапты. Жұмыспен қамту орталығы арқылы келген жастың ұқыптылығы сол кездегі бас редакторымыз Таңатар Дәрелұлына ұнап өзімізде қалдырды. Енді Айданаға келсек, өз жұмысын жақсы біледі. Әріптесіміз сайтты жүргізуді де еркін меңгеріп алды. Түрлі ақпараттармен толтырады да жатады. Сайт та бір түпсіз қапшық сияқты. Сала берсең кете береді. Есесіне аудан жұртшылығы жаңалық атаулыдан дер кезінде хабардар болып отырады. Еңбек демалысында жүрсе де, былай демалыс күні де, тіпті түнде 12-де жіберсең де Айдана сайтқа салады. Сол үшін риза боласың. Мазалап жатыр-ау деп қабағын шытпайды.

Ортамызға қосылғанына жылдан асса да Қуаныш Зайыров ұжымға тастай батып, судай сіңді. Ашық, ақкөңіл, жұмысына мұқият. Газет беттеуді өте жақсы атқарады. Бір жерге суретке түсіріп келуге жұмсай қалсаң фотоаппаратын арқалап кетіп бара жатады.

Аман Бисалиев сынды жүргізуішімізді де кәсіби мерекемізде назардан тыс қалдыру күпірлік болар. Қара көлігі күнмен шағылысып жылтырап, көзге шағылысса су жаңа екен деп қалуыңыз мүмкін. Жоқ, олай емес. Қателесесіз. Бірнеше жыл болса да Аманның күтіп ұстағанының арқасында ғана солай жүр. Басқа мекемелерге одан кейін келген тап сондай көліктер баяғыда күресінде қалды. Оған кетпегені өкпесін сүйреп, салдырлап әрең қозғалады. Осының өзі-ақ біздің Аманның қандай жүргізуші екенін көрсетсе керек.

Жалпы біздің шағын ұжымды қалай мақтасақ та артықтық етпейді. Бәрі де өз кәсібін терең меңгергендер. Бірақ, әзірше осымен шектелейік. Жоғарыда аталған әріптестеріміз Айнагүл, Гүлдана, Айдана бір-бір үйдің түтінін түзу шығарған келіндері болса, Айбек пен Аман ұрпақтарын ержеткізген нар тұлғалар. Қуанышқа да бұйырғаны тұрған шығар. Кәсіби мерекеміз құтты болсын қадірменді әріптестер! Жазарымыз көбейсін! Оқырманымыз бен таралымымыз әрдайым арта берсін!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT