«Газ бен су тартылмады, енді каналымызды бітеді»

(0 Votes)

Редакцияға осындай реніштерін айтып, «Нижняя колка» телімінде тұратын бір топ шаруалар атынан орлылық айтулы азамат, белгілі шаруа иесі Ержан Ниғыметов келіп, барып көруімізді сұрады.

 

Кезінде мал өсіруге қолайлы жер ретінде осы «Нижняя колканы» таңдадық. Себебі, шөбі жақсы, орталықтан оңашалау, әрі Кірестінің өзегінен «СПМК-122» аталған мекеме суландыру жүйесін құрған ана жылдарда канал қаздырды. Біз айтып отырған телімнің ондаған шаруа қожалықтары сол каналдың суын пайдаланып келдік. Басқа су көзі жоқ. Егер бұл канал болмаса, біз ол жерге қожалық ұйымдастырмайтын да едік. Аудан орталығынан Теңіз ауылын бетке ұстап шыға қалсаңыз, тас қабат жолмен жүреріңіз белгілі. «Қызыл жар» бейітінен сәл әрі біз айтып отырған сол канал тас жолға тірелген жерден үлкен өңештен өтіп, әрі қарай «Нижняя колкаға» жетеді. Жол бойы «Қамыс зауыт», «Шестой», «Кіресті» ауылдарының сан жүздеген малын суарады. Қазіргі ауылішілік жол салып жатқан «жеңімпаз мекеме» Теңіз ауылына баратын тас жолды қырнап, жонып түзеуге кірісіп, оны жауып тастап, көліктер уақытша жүруге жанама жайдақ жол салған. Сол жолды салу кезінде «Қызыл жар» бейітінен әрірек канал өңешпен өтетін тұстың батыс бөлігін нығыздап жауып кеткен. «Нижняя колка» теліміндегі қожалық иелері Ержан Ниғыметов, Самат Сидәлиев, Исатай Танашев, Бисенбай Төлепов, Шаһмардан Кенжеғалиев, Дәметкен Дүйсенова, тағы басқалары болып, бұл заңсыздық, әрі бізге жасап отырған үлкен қиянат дей келе, каналды бітеген жерден ашып бермесе, іс насырға шабатынын ескертеді. «Кезінде осы маңға газ, таза су тартылғанда бізді елемей кетті, енді су ішіп отырған жалғыз каналымыздың көзін бітеді. Бұл жолды салушылар жергілікті жердің жағдайымен санаспай ма?» дейді шаруа қожалық иелері. Айтып отырса, өткен әзірде олар қазған шұңқырға аудан орталығы тұрғынының буаз сиыры түсіп өлген. Қазір соттасып жатыр. Редакциядан: Жақында Сенат депутаты, белгілі жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов ауданға келіп, аудан әкімімен бірлесіп Шора өзеніндегі тереңдету жұмыстарын өз көзімен көріп, біраз сын айтты. Сондағы ескертулерінің бірі – «тереңдетіп қазу барысындағы жағаға лақтырған топырақ түскен маңай, шаруашылық иелерінің жері болып, оларға зиян келтірмеуі керек. Алдын ала өздерімен келісіп алмаса, арызданар болса, шаруа иелерінікі дұрыс!». Демек, біз айтып отырған бұл мәселеде де мал өсіріп, ебіл-себіл тірлік кешіп жүргендер босқа шырылдап отырған жоқ. Билік өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары араласып, каналдың аузын ашып, өңешті бітеп тастамай мүмкін оны ұзартып барып жолды қайта жүргізер, әйтеуір, «қой да аман, қасқыр да тоқ» тиімді бір шарасы алынар деген сенімдеміз.

Т. Дәрелұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521