«Amanat» партиясы аудандық филиалдың депутаттық фракция отырысында күн тәртібімен таныстырған филиал төрағасы Ерлан Хисметуллин Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне тоқталып, жеті бағыт бойынша тапсырмаларды қаперге берді. Аудандық мәслихат депутаты Есболат Құбашев ауыл шаруашылығы саласының үлкен мүмкіндіктерін тілге тиек етіп, ауылшаруашылық тауарларды қайта өңдеудің маңыздылығын айтты. Фракция мүшелері Болатбек Тағанқожаұлы цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жастарды цифрлық сауаттандыру, әр салаға жасанды интеллектіні қолдану қажеттілігін жеткізсе, Әнуарбек Сәбитов шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлердің жұмыс жасауына мүмкіндік жасау, әкімшілік кедергілерді азайту жөнінде өзінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көрсеткіштерді атап өтіп, биылғы жылға барлығы 40 іс-шара жоспарланғанын, оның ішінде 8 айда 20 іс-шара орындалғанын жеткізіп, орындалмау тәуекелдері бойынша тармақтарға жеке-жеке тоқталды. Бұл мәселелерді фракция мүшелері талқыға алды. «Құрманғазы ауданының әлеуметтік сала нысандарының 2025-2026 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы туралы» аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов хабарлама жасады.
Отырысты қорытындылаған Ерлан Уәлитханұлы: «Президент Жолдауында цифрлық трансформация, жасанды интеллект, ауылды дамыту, халықтың қаржылық сауатын көтеру, туризм мен кәсіпкерлікті қолдау сынды басым бағыттар айқын көрсетілді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Аудандық филиалдың фракция мүшелері осы жұмыстарға белсенді атсалысады деп сенемін. Әрбір депутат өз бастауыш ұйымымен кездесіп, Жолдаудың негізгі тұстарын түсіндіруі керек. Сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілерде белсенді болып, тұрғындарға қажетті ақпарат жеткізу маңызды» деді.
Айнагүл Шакупова