Естен шығып, елеусіз қалмаса екен...

(0 Votes)

Арнайы шақырумен Дәулеткерей баба атындағы саз мектебінің алғаш ашылғанына 35 жыл толу салтанатты ән – күймен көмкерілген шарасына қатысып, ойымыз шартарапқа самғап кетті. Қобыздың үні сыңсыды, домбыраның дүбірі құлақ құрышын қандырып, ән әуендері аспанға қалықтап көтерілді.

Құрманғазылық балғын таланттардың бабын келтіріп, музыкалық сауатын ашып, атышулы додаларда томағасын сыпырып, бәйгеге қосып келген кешегі ( марқұмдар да), бүгінгі маман ұстаздардың мейманасы тасыған берекелі де мерекелі шақты көрудің өзі бір ғанибет! Қалай дегенмен сұңғыла, өнерді өгейсітпей жүргендер ғой, өткендерін ұмытпапты, өткен әруақтардың рухтары пышырлай тұтанды. Осы мектептің алғаш ашылуына негіз қалаған Киров атындағы кеңшардың сол кездегі директоры Мақсот Сәрсенов аға екен, арнайы шақырумен келген жұбайы, Құдай қосқан қосағы – ағамыздың есімін мүкіс құлағы шалғанда, қос жанарынан парлап жас төгілді. Кешегі бесаспап өнерпаздар Ахонғали аға, Дәулет, Өтежан, Ғаділбек ұстаздардың артында қалған ақ жаулықтыларына орынымен құрмет көрсетілді.Үлкен өнер ордасының бүгінгі тізгін ұстары Жанаргүл Ғасырбекқызы бастаған ұйымдастырушыларға ағалық шын көңілден рахмет, бәрекелді дейміз!

«Өз елі өз асылын ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерді» деген асыл  тұжырым көңілде көлденеңдей кетті. Көптен жанымды жүдетіп келген бір өкініштің өзектен шығып, оқырманға жетер сәтіне түрткі болды, айтып отырған дүбірлі тойымыз.

ibragim-aa5

Айтпағым жарқын жаздың күні кешегі шуақты бір күнінде ауданның бесаспап өнерпазы Ибрагим Хабибуллин өмірден озып, дәл 70 – ке толған күні жер бесікке бөленді. Өмір, еңбек жолын Айбек Әнуарұлы Нәжімов әріптесім «Серперге» жариялап үлгерді. «Ибақаң» деп көп адамның емешегі үзіліп, ауыздарының суы құрығанымен мерейтойы алдында шығармашылық кешін өткізейік деген бір жан болсайшы! Өзімнің де көтеремдей орнымнан қозғала қоймағаныма бармағымды шайнағаннан түсер пайда қайсы?!

Біз ойымызды жинақтағанша Ибрагим – жұлдыз өнер аспанынан жарқ етіп ағып түсті. Баянсыз бақ пен арзан таққа алданбады, өзінің сәбидей сенгіш аңғалдығынан ана бір жылдары істі бола жаздағаны бар. Саулығы түскір өнердегі өрісімді ұзартамын деген алғыр сезім, алып ұшқан талантын тұсаулады да қойды өмір бойы. Тума таланттың тұсалғаны қандай қиын! Зәуімен кездесе қалсақ, шәкірт тәрбиелеуге әзер жарап жүргеніне мұң шағатын, қайран Ибақаң!

i

Жүрегінің нәзіктігі сонша, ылғи да құба қырдың жондарын жапқан қызғалдақша үлбіреп – ақ тұратын. Аязы да, аярлығы да жоқ Тәңіріден жаз болып жаратылған ерекше дарын иесі. Алматы мемлекеттік консерваториясының таңдаулы түлегі. Бақыт Қарабалина апасының мейіріміне шомылғанын, қазақтың белгілі өнертанушысы, ғалым Кәрима Сахарбаевамен бірге оқып, пікірлес болғанын мақтанбай жадыға түсіретін.

i

Ығы – жығы үйі маңында ел – жұртымен қоштастырғаны өз көңіліме қонбады. Жетім қыздың тойындай көзге қораш. Дұрысы аудандық мәдениет үйінде қоштасу ұйымдастырса болатын еді, ол оған тұратын еді. Солай еткен ағалар болды ғой, мен өмір жолдарын суреттегеннен білемін. Республикаға танымал өнер қарлығаштарын өз қолымен ондап ұшырған Ибрагимге өйтілмеді, неге? Себебі, күркіреп тұрған қолдаушың, яғни тірегің жоқ, бар мәселе сонда. Бір кем дүние!

Осыны жүрегім қан жылап отырып «Әлеуметтік желіге» салып едім, осы саланың бір зейнеткері өре - тұра қарсы шықты. «Біз үйінде қонақасыда отырып, оны еске алдық, жігіттер сөйледі, олай демеңіз» - деп. Міне, біздің өреміз дегендейсің...

Саулығы алғанда «әніме сөз жазып бер» деп қолқалайтын еді. Кейде «қайта жаз, өзгерт мына тұсын» деп қайыра келетін. Тамылжыған бірнеше әндері болатын. «Қасиетті мекенім», «Егемен елім», «Ана тілім», «Жан ана – жарығымыз», т.б. «Атырауым» деген әнін марқұм Төлеген Ахметжанов көп мақтаушы еді, ұшты – күйлі жоқ қазір. «Асыл мекен – Құрманғазы» алыстағы бауырлардың жүрегін қозғаған кезінде, аудан сахнасынан ол да түсіп қалды. Міне, біздің көңіл аясының бар жеткен жері.

i

Көп созбалақтамай айтарым, аудан өнеріне бір кісідей үлес қосқан, өнер ұжымын біліктілікпен басқарған, көктемнің желпи соққан торғын самалындай аса көркем мінез иесі, күні кеше қатарымызда жүрген Ибрагим Хабибуллиннің өтіп кеткен 70 жасына орайластырып, шығармашылық кешін өткізейік деген қолқа, ұсыныс, өтініш те! Ол үшін әндерін нотасымен бірге жинақтауға аудандық мәдениет үйі жанынан комиссия құру керек шығар. Қазақстан композиторларының шығармалары жинағына әндері шыққан екен, т.б. жинақтардағы әндерін де іздестіру, орайы келгенде мөмкін жеке жинағы шығарылар, үміт шырағы сөнбеуі керек. Бұл арада белгілі бір адамдарға кінә артудан аулақпыз, қапы жіберген тұсымыздың орнын толтыру қаһындағы әңгіме орайы – осы.

i

Аудан өнеріне, әсіресе балғын таланттардың бағын ашуға сіңірген еңбегі көп, елеусіз қалмауы керек, Ибрагим Хабибуллиннің.

i

Таңатар Дәрелұлы, ақын,

ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521