Осы оқу жылының демалысында, Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 30 жыл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған 4 күндік саяхатқа барып келдік.
Саяхаттау – бұл адамның өмірін жарқын ете түсетін, түрлі керемет естеліктер қалдыратын, адамға қанат бітіріп, дүние танымын кеңейтетін, рухани байлығымызды көбейтетін жақсы бір дүние. Қазақстанның көз тартар көрікті керемет жерлерін ата- анаммен бірге жүріп аралап жүргеніммен, әсем қала Алматыға ауданымыздың өнерлі, шығармашыл оқушыларымен, өзімнің құрбыларыммен барған саяхат өте ерекше көңіл күй сыйлады. Атырау облысы білім беру басқармасы мен Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық инновациялық даму басқармаларының демеушілік жасап ұйымдастырылған тегін саяхатқа барғаныма өте қуаныштымын. Экскурсияның бірінші күнінде 28 гвардиялық панфиловшылар саябағына, содан кейін М. Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында таза ауада табиғаттың әсемдігін тамашалап серуендедік. Келесі күндері мұражайларға барып, туған еліміздің тарихи деректерін, асыл қазынасын, өлкеміздің шежіресімен танысып, тарихи санамызды да толықтырдық. Сонымен қатар «Qazaq - Oner» қолөнер орталығында қолөнер шеберлігі бойынша мастер класстар (киізден бұйымдар, қыштан құмыралар және зергелік бұйымдар жасау) өткізілді. Ал, енді бұл жерден алған әсерім ерекше болды. Мен өзім қыш құмыраның жасалу жолымен таныстым. Шыдамдылықпен сабырлықты талап ететін аталмыш жұмыспен айналысу маған өте қызық болды. Өйткені, саусақтың сәл ғана қимылдап кетуінен құмыраның пішіні өзгеріп немесе сынып кетуі мүмкін. Осындай қыш шеберлерінің жұмысына тәнті болып, қызығып келдім. Әрі қарай саяхатымызда Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи – мәдени мұражайына жол тарттық. Ол жерде Елбасының есімімен байланысты құнды құжаттар, кітаптар, фото материалдар жеке заттары жинақталған екен. Жаңа заманауи үлгідегі мәдени кешен ауылдың ажарын ашып, көркіне көрік қосып тұр! Осы саяхатты ұйымдастырған Атырау облысы білім беру басқармасы, Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық инновациялық даму басқармасы және де «Fly Arystan» әуе компаниясына үлкен алғыс білдіре отырып, Құрманғазы ауданының оқушыларын осындай саяхатқа ұйымдастырған аудандық білім бөлімінің басшысы Г. Кубаеваға, аудандық оқушылар үйінің директоры М. Шекетасоваға және де бізге жетекші болып аман- есен жеткізіп ауылымызға алып келген оқушылар үйінің әдіскері А. Қаржауова апайымызға оқушылардың атынан үлкен ризашылығымды білдіремін! Алдағы уақытта да осындай танымдық сапар жалғасын табады деп ойлаймын!
Елемесова Айбибі Жандарбекқызы,
М.В.Ломоносов атындағы
жалпы орта мектебінің
8- сынып оқушысы,
Аудандық оқушылар үйінің
үйірме мүшесі