Қазір тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қартайған шағында барар жері, басар тауы қалмаған, қанаты қайырылып, өз тобынан бөлініп қалған құстай жалғызілікті ғұмыр кешкен жандар өмірімізде кездесіп жатады.
Күш-қуаты толысқан жас болса бәрсәрі, өмірінің көбі кетіп азы қалғанда мұндай жағдайға ұшыру оларға оңай тимесі анық. Бір жақсысы тағдыры басынан сипамаған мұндай адамдарға қамқорлық көрсетіп, көмек қолын созатын мейірімді, жомарт жандар да арамыздан табылады.
Жақында ғана Самаркин ауылының тұрғандары жалғызбасты адамның бірнеше айлар бойы тозығы жеткен шоланда тұрып жатқанын жеткізген еді. Қаһарлы қысты да сонда өткізген екен. Мұны естіген округ әкімі Абдуррахман Муса аяқтай барып жағдайымен танысып, әңгімелесті. Жалғызбасты округ тұрғыны Жаңажол Көбеев:
– Үлкейген кезде жалғыз қалып отырмын. Көмектесетін ешбір ағайыным жоқ. Қиындық көріп жүрмін. Өлместің күнін кешудемін. Ыссы тамақ ішпегеніме де көп болды. Өстіп жүріп бір күні өліп қалармын деп қорқамын. Іздеп келіп жағдайымды біліп жатқаныңыз үшін үлкен рахмет! Мені қарттар үйіне орналастыруыңызды сұраймын, – деді.
Округ әкімі Абдуррахман Рахметұлы оның мүшкіл жайын көргеннен кейін қолдау көрсететінін жеткізді. Сөзінде тұрып, Жаңажол Көбеевті аудандық емханаға апарып денсаулығын медициналық тексеруден өткізіп, ХҚКО-нан төлқұжатын әперді. Қарттар үйіне апару үшін аудан әкімінің қаулысы шығуына ықпал етті. Нәтижесінде аталған тұрғын кеше облыстық қарттар үйіне орналастырылды. Осылайша жалғыз басты қария қиындықтармен бетпе-бет қалмай қамқорлыққа алынды.
Нұрболат Қайырмеденов,
Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы.