Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Гимн, Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы және мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Еңбекші ауылдық округінде мемлекеттік рәміздер күніне орай тағылымды шара өтті. Барша жиналған жандар кеуде тұсына қолдарын қойып, Гимнімізді әуелете шырқады.
ҚР Гимнінің авторларының бірі, ақын Жұмекен Нәжімеденовтың ескерткішіне аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова және Еңбекші ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Шафхат Қазимұлы гүл шоқтарын қойды. Гүл қою рәсімін облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Карсакова және білім саласының ардагері Ақтілек Хамитова, сондай-ақ төрайым Балғаным Хасенова бастаған аудандық аналар кеңесінің мүшелері, ұстаздар, ардагерлер жалғастырды.
Алғашқы сөз алған аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова мерекемен қызу құттықтап, рәміздерді ұлықтау ісі толастамайтынын жеткізді. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова еліміздің мақтанышы, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік өкілі Жұмекен Нәжімеденовтың ескерткішіне гүл қою рәсімін аудандық аналар кеңесі 2018 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келе жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздерге құрмет – елін-жерін сүйетін әр азаматқа борыш екенін айта келе, шараға қатысушыларға, белсенді атсалушыларға ризашылығын білдірді. Еңбекші ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Шафхат Қазимұлы да аталмыш мерекемен құттықтау сөзін сөйледі.
Шара барысында ауыл өнерпазы Ж.Нұреденов «Ұлы дала» әнін әсерлі орындаса, Еңбекші жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Н.Елдосова ақынның «Қошалақ» өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Еркеназ Қалижан