Ескерткіш тақта орнатылды

(0 Votes)

Аудандық сотта Құрманғазы аудандық сотында 1980-1987 жылдар аралығында халық судьясы, 1987-1988 жылдары сот төрағасы болып қызмет атқарған Мағзомов Махмеден Мағзомұлына ескерткіш тақта орнатылды.

Ашылу салтанатына Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов, аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлжанат Қалиева, ардагерлер, Махмеден Мағзомұлының жұбайы Гүлшат апай, ұрпақтары қатысты. Шараны жүргізген ауданымызға танымал өнерпаз Болат Бидоллаев аталған  азаматтың өмірбаянын таныстырды.

Махмеден Мағзомұлы 1949 жылы 11 шілдеде Теңіз ауданының Нұржау ауылдық округінде  қарапайым отбасында дүниеге келген. 1957-1967 жылы ауылдағы В.Ленин атындағы орта мектепті тәмәмдап, 1968-1970 жылдары Отан алдындағы  әскери борышын өтеді. Сот саласындағы  қызметін 1970 жылы аудандық сот мәжілісінің хатшысы болып бастаған. 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, сәтті аяқтаған соң, 1973-1987 жылдар аралығында Теңіз аудандық заңгерлік консултациясының меңгерушісі, сот әкімшілігі мен прокуратура органдарының партия ұйымының хатшысы, Құрманғазы аудандық сотының судьясы қызметтерін абыроймен атқарған. 1987-1988 жылдары Құрманғазы аудандық сотының төрағасы болып еңбек етті.

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы: – Жақсының жадынан, елінің тарихынан, халқының жүрегінен өшпеген, ел алғысына бөленген абыройлы азаматтың әрдайым орны бөлек. Қазақстандағы қайта құру жылдарында ауданда өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқара отырып, орын алған құқық бұзушылықтарға әділ баға беріп, азаматтардың Конституциялық құқықтарының  қатаң сақталуын қамтамасыз етуде адал да, абыройлы еңбегінің арқасында өзінің қарапайым да, қайырымды келбетін көрсете білген ағамыз. Өзіне де өзгеге де талап қоя білетін  білікті  басшы, әрі білімді заңгер ретінде ел есінде қалды. Амал қанша, Махмеден Мағзомұлы өмірінің 39 жасына қараған шағында, 1988 жылы мезгілсіз өмірден өтті. «Орнында бар оңалар» деп бабаларымыз айтқандай, бүгін осындай шара өткізіп жатқан зайыбы Гүлшат апай мен ізін жалғаған ұрпақтарына ризашылығымды білдіремін, – деді.

Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов жерлесіміздің өз ісіне адал болғанын, қандай құрметке де лайық екенін атап өтіп, бүгінде қызы Алтыншаш әке жолын жалғастырып жатқанына тоқталды. М.Мағзомовтың жұбайы Гүлшат апай осындай шара ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне, аудандық сот ұжымына шынайы алғысын айтты. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, белгілі қаламгер, ақын Таңатар Дәрелұлы, мемлекеттік қызметтің ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Қанат Ғаббасов Махмеден Мағзомұлының адами болмысын қысқаша әңгімелеп, жолдастыққа адал, кең пейілді, кейінгілер  үлгі  тұтқан сырбаз  адам, текті тұлға  екенін жылы лебізбен еске алды.

Ескерткіш тақтаны ашу Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов пен М.Мағзомовтың інісі Асқарбек Мағзомұлына ұсынылды. Жабындысы алынғаннан кейін гүл шоқтары қойылды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521