Ескі ғимаратты пайдаға асырды

(0 Votes)

Ауылда жаңа медпункт салынғаннан кейін оның бұрынғы ғимараты күтімсіз қалып, тозып, сиқы кетіп тұрғанын бұған дейін келгенде байқағанбыз.

Оған көз салушылар да көп болыпты. Енді міне бұл ғимарат аппақ болып жарқырап көз тартады. Алдындағы теректерінің төменгі жағына дейін ақталыпты. Ішінің сылығы түскен жерлері жөнделіп, еденіне линолеум төселіпті. Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиевтің айтуынша алдағы уақытта мұнда жарық пен газ тартылып, ардагерлер, аналар кеңестері, медиатор бөлмелері, шаштараз, жастар орталығы, тігін цехы болады. Үш бөлмесіне «Жедел жәрдем» бөлімшесі орналасады.

img_3064

Жиналыстарда үнемі ауылдың мәселелерін көтеріп жүретін округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов жасалып жатқан жұмыстарға дән риза. Ақсақалды сөзге тартқанымызда: – Қазір індет жайлаған соң округте жұмыс жасалып жатқан жоқ деп ойлап қалмаңыздар. Күнделікті шаруалар уақытымен атқарылуда. Көптен бері жүзеге аспай, реті келмей жүрген жұмыстар бар еді. Талай мәрте жиындарда айтқанмын. Жаңа әкіміміз Жүсіп Сүлейменұлы біраз шаруаларды бітірді. Мына медпункт қаңырап тұрған. Енді біраздан соң мүлдем пайдаға аспауы мүмкін еді. Соны аудан әкімі Қайрат Талапұлы, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Нұрмұханбетқызы арқылы алып ішіндегі бөлмелерді пайдаға асырып жатыр. Округ әкімін қолдағаны үшін бұл басшыларға ризамыз. Тазалық мәселесі де жақсарды. Обелискіміз жаңартылып, онда жаңа тізім орнатылғалы отыр. Тоғызыншы мамырда ашамыз ба деген жоспар болған, алайда карантинге байланысты қажетті заттар келмей қалды. Биыл күзде бітеді. Халықтың сұрап жүргені Котяев ауылының бас жоспарын өзгерту. Себебі бұрынғысында жаңа мектеп, балабақша, тұрғын үйлер салатын орын жоқ. Оны өзгерту жөнінде облысқа ұсыныс жасалды. Ауыз су мәселесі де әлі шешілген жоқ, бірақ бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Құжаттары әзірленді, карантинге байланысты қаржы болмай жатқан шығар. Мал азығын дайындау да ұйымдастырылуда. Шаруа қожалықтары шөп шабуға кірісіп кетті. Шағын ғана округімізде осындай жұмыстар атқарылып жатқанына қуаныштымыз. Халық ертеңгі күнге үлкен үмітпен, сеніммен қарап отыр, - деді.

img_3073

Округтегі қоқыс алаңы да тап-таза. Алайда ауылдық округ әкімі Жүсіп Төреғалиев оны жол бойында орналасқандықтан, әрі елді мекенге жақын тұрғандықтан ауыстырмақ ойда. Күні бүгін оған арнайы жер де таңдалған. Міне, шекара бойындағы ауыл тынысы осындай.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521