Нашақорлықты барлық қылмыс пен қатыгездік атаулының бастауы десе де болғандай.
Қазіргі таңда қоғамға жат әдетпен әуестенушілер қатары күн санап артып отырғаны алаңдатады. Әсіресе, тоқтамы болмай көбейе түскен нашақорлардың 60 пайызын өндірдей өскелең жастардың құрайтыны қынжылтады. Осы қасіреттен талай бозбала мен бойжеткен жас ғұмырларын азаппен өткізіп қана қоймай, көктей солып, жарқын өмірлерімен мезгілсіз қоштасып жатқаны өкінішті. Жасыратыны жоқ, бұл күнде нашақорлар тек олардың ата-аналары мен туысқандарына ғана емес, бүкіл қоғамымыздың қаупі мен қасіреті болып, асқынып барады. Әлемде химия ғылымының дамуымен бірге есірткінің кокаин, героин, гашиш, апиын деген көптен танымалдарынан басқа да түрлері шығарылып кең тарай бастады. Біздің еліміздің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруі тыйылар емес. Аталған өңірлерде, әсіресе әйгілі Шудың бойында қарасора өсетін алқаптың жалпы аумағы 140 мың гектарға жетеді екен. Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау меммлекеттік деңгейде қадағаланып, таралуына тосқауыл қойылып отырылады. Ауданымызда да мемлекттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведоствоаралық штаб жоспарлы жұмыс жасап келеді.
Аталған штабтың кезекті отырысында есірткіге тәуелді адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту қызметін нығайтуды қамтамасы ету, наркологиялық диспансерлік есепте тұрғандармен жұмыс туралы аудандық орталық аурухананың психиатр-нарколог дәрігері Т.Сисеналиевтің хабарламасы тыңдалды.
– Біздің есебімізде 10 адам нашақорлықтың каннабициондық құзырымен бақылауда тұрады, олар динамикалық тобына байланысты аудандық емханаға келіп емдерін алып отырады. Есептегілердің арасында жасы кәмелетке толмағандар, әйел адамдар жоқ. Күнделікті міндетімізге сай атқаратын жұмыстарымызбен бірге нашақорлықтың, уытқұмарлықтың алдын алу, салауатты өмірді насихаттау жұмыстарын жоспарлы жүргізіп отырамыз. Аудандағы орта мектептердің жоғары сынып оқушыларының қатысымен тақырыптық лекциялар оқылып отырылады. Мекеме, кәсіпорындарда ағартушылық бағыттағы бетшелер таратылады.
Келесі болып аудан бойынша заңсыз есірткі айналымымен күресу бағытында қабылданған шаралар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі М.Үмбеталиев хабарлама жасады.
– Аудан көлемінде өткізілген «Дәрмек», «Қарасора-2020», «Допинг» республикалық жедел-профилактикалық іс-шараларына бөлімнің 37 қызметкері тартылды. Наркологиялық диспансерлік есепте тұрған азаматтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерілді. Есірткі қабылдаумен болатын қылмыстардың алдын алу және болдырмау мақсатында тұрғындармен түсінік жұмыстары өткізілді. Есірткі таратуға немесе тұтынуға қатысты фактілер орын ала қалған жағдайда дереу хабарлау туралы қаперге берілді. Жалпы, аудан көлемінде ағымдағы жылда есірткілік заттарды заңсыз сақтаудың 4 фактісі анықталды, - деген хабарламашы аудандық емхананың фармацевтикалық бақылау бөлімі мамандарымен бірге есірткінің, психотроптық заттардың айналымын қадағалау жұмыстары пәрменді жүргізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ, штаб отырысында мектеп оқушылары арасында нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру жөніндегі шараларды ұйымдастыру, есірткінің, темекінің және алкоголизмнің зиянын түсіндіру туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаеваның, нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша спорттық шараларды өткізуді ұйымдастыру туралы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Мұқашевтің, ауылдық округ аумағында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті ұйымдастыру және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жүргізу туралы Еңбекші ауылдық округі әкімі Р.Әмірхановтың хабарламалары штаб мүшелерінің назарына ұсынылды.
А.НӘЖІМОВ