Кері байланыс
А.Құлмәлиева, көп балалы ана, Ақкөл ауылы: Аяқсыз қалған Атыраумен араға пойыз қатынасын шығару құрманғазылық таксишілерді тым есіртіп жібергендей. Жолаушылар көп болса ойына келген бағасын қойып алып шікірейіп тұрады. Әрине, бәрі бірдей емес арасында адамдық қасиеттен арылмағандары да бар, бірақ бұл бірен-саран ғана. Кейбірі «кішкентай баласы барларды алмаймыз» деп кергиді. Менің ойымша мұндайлар патентсіз жүргендер, заңды түрде осы қызметпен ақша тауып жүргендер болса өздерінде баланы отырғызып қоятын қосымша құрылғысы болмай ма? Жолақыны көтеру үшін әдейі жасайтындай көрінеді, «үстіне қосып төлеймін» десең алақандарын ысқылап қуанып келісе кетеді. Осындай есірген пысықайларға тоқтам қоятын мемлекеттік орган бар ма?
Оқырман көтерген мәселеге орай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Сиражев төмендегі жауабын берді.
- Такси қызметі бойынша Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Салық Кодексінің талаптарына сәйкес, жеке тұлғалар мемлекеттік кірістер басқармасынан патент алып такси қызметін бастауы қажет. Аталған қызмет бойынша жол ақысына баға қою - қызмет көрсетуші тұлғалармен белгіленеді. Алайда, заңсыз такси қызметімен айналысып жүрген тұлғаларға, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 463 бабына сәйкес айыппұл салу көзделген. Осыған байланысты жыл ішінде құзырлы органдармен такси қызметіне қатысты қолданыстағы заңдылықтар аясында рейдтік шаралар ұйымдастырылып тұрады. Рейдтік шараларларды ұйымдастыру кезінде такси қызметімен айналысып жүрген тұлғаларға заң бұзушылықтарына байланысты бірқатарына аудандық полиция қызметкерлерімен хаттама толтырылғанымен, кейбір такси жүргізушілерді анықтау мүмкін болмай қалады. Себебі, тоқтатылған көліктегі жолаушылар такси емес жеке көлігіміз деген сылтаумен жүре береді. Такси қызметімен айналысып жүрген тұлғалар тарапынан заң бұзушылықтар жасалған болса, немесе осы мәселеге байланысты қандайда бір шағымыңыз болса, нақты дәлеліңізбен құзырлы органдарға шағымдануыңыз қажет. Кез келген рейдтік тексерістерді ұйымдастыру және такси қызметімен айналысып жүрген тұлғаларға шара қолдану өтініш негізінде қаралатындығын қаперіңізге береміз.