Есімін ел жадында қалдыру – парыз

(0 Votes)

Қазақтың классик жазушысы, осы ауданның төл перзенті Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаевтың бұл пәни жалғаннан жүзін жасырғалы да жылдар артынан жылдар қуалап, міне, 7 жылды толтырып қалыпты. Ұлылар мен көрнекті тұлғалардың есімін мәңгілікке қалдыру жайлы олар өмірден өткен соң 5 жылдан кейін қолға алу жөніндегі тасқа басылған талап әлдеқашан болып кетті. Дабылы әлемге жеткен, қазақ жұртын түгел мойындатқан, өзі айтқандай, «қазақтың қара сөзін қойша айдап қораға сыйғызған» Рахымжанның мәңгі өлмес мұраларын жас ұрпақтың санасына сіңіру, жалпы оқырмандар арасында насихаттау, оның атын нысандарға, көшелерге беру алдымен, ауылдастары – құрманғазылықтар, атыраулықтар бастап қолға алатын шаруа емес пе?

Оның әдеби мұралары біз насихаттамасақ та рухани дүниеге құштар көңілдің зердесіне әбден кестеленіп болды деуге келеді. Ал ат-атағын, есім-сойын мәңгілікке қалдыру жөніндегі шаруамыздың әлі мұрты бұзылған жоқ. Осы марғаулықтың шебін бұзайын дегендей ауданның ақсақал-қарасақалдары, аудан кітапханашылары бірегей жерлесімізге өзі есігін талай ашып, бір кездері шаншыла отырып, том-том кітаптарын аударыстыра шұқшиған аудандық кітапхана есімін еншілейік деген тоқтамға келсе, біздің де осы пікірге жүрегіміз елжірегендіктен де қолымызға қалам алғанбыз. Бір кездері қабырғасынан өзі білім алып, жоғары оқу орнын бітіріп келген соң осы өзі оқыған мектебінде сабақ берген Теңіз ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің атауын ауыстырып, жерлес жазушы, марқұм Р.Отарбаевтың есімімен атайық деген мектеп ұжымының, ауданның Құрметті азаматы Ұзақ Жәдіғұлұлы аға бастаған ауылдастарының сөзі түрлі себеппен өтпей қойды ақыры

Енді аудан ардагерлері мен аудандық кітапхана ұжымы белсене кіріскен, аудандық кітапхананы Рахымжанның есімімен атау жөніндегі жүрекжарды тілекті ауданның бүгінгі әкімі Абат Сайфоллаұлы бастаған әкімдік қызметкерлері, аудандық мәслихат төрайымы Гүлжанат Ғаділханқызы бастаған депутаттар корпусы бірлесе қолдап отырса, жоғарыдағы сірескен тоңды жібітерлік қауқарды облыстық Ономастикалық комиссия табар деген үмітте қолдау білдіреміз.

Р.Отарбаевты жерлестеріне таныстырып жату анау айтқан қажеттілік туындатпаса да, мыналарды мәселеге орай толтырылар құжаттарға қажеттілік есебінде қаперлеп кетпекшіміз:

Р.Отарбаев – қазақтың белгілі драматург жазушысы. Әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир», атты т.б. прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары неміс, түрік, араб, ағылшын, т.б. тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған ғұмыр», «Сырым батыр», «Ән Әміре», «Мұстафа Шоқай», т.б. пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналану үстінде. Қазақстанда және Қырғызстанда Р.Отарбаевтың шығармалары бойынша халықаралық театр фестивальдері өткен.

Атақтары: Қазақстанның еңбек сіңірген құрметті қайраткері (2004). Эл Аралык Коомдук Айтматов академиясының академиги. Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты. Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері. ҚР Президентінің жарлығымен жоғары мемлекеттік «Парасат» орденімен марапатталған (2013), Құрмағазы ауданының құрметті азаматы (2005), Атырау қаласының құрметті азаматы (2011), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің, Батыс Қазақстан университетінің, Атырау мұнай және газ университетінің құрметті профессорлары. Халықаралық бейбітшілік қоры ассоциациясының Алтын медалі иегері, Халықаралық кітапқұмарлар одағының Иван Федоров медалінің иегері.

Өмірдеректерінен: 1956 жылдың 19 қазанында облысымыздың Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 2018 жылы «Орал өңірі» облыстық газетінде тілші; Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі; Қазақ телерадио комитетінде редактор; «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, Қырғызстанда Қазақстан елшігінің атташесі; «Егемен Қазақстан» газетінің Қырғыз Республикасындағы меншікті тілшісі: Маңғыстау облыстық радио-телевидение компаниясының төрағасы; Атырау облыстық драма театрының директоры; ҚР Президенті әкімшілігінде сектор меңгерушісі; т.б. лауазымды қызметтерде болды.

«Ақ Жайық» республикалық журналының Бас редакторы, Атырау облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды. Ол жайлы көрнекті тұлғалар тұжырымы:

«Мен өз басым Рахымжанды бүгінгі, яки ХХІ ғасырдағы қазақтың Чеховы дер едім. Рахымжан өте шебер, өте ойлы, және жаны сұлу жазушы».

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ

«Ой, айналайын Рахымжан, сен екенсің ғой, жазғандарыңды оқып жүремін, жұрттың тілі жер бауырлап кеудесін көтере алмай жатса, сенің сөйлемдерің сұңқардай самғап тұрады, сені оқысам арқаланып кетемін».

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ

«Рахымжан – ХХІ ғасырдағы қазақ прозасының ең озақ ойлы өкілі».

Шыңғыс АЙТМАТОВ

«Рахымжан дархан дарыным,

 Атыраудай ерке арыным.

Бірге өткен асау жылдарда,

Рухыңның күшін таныдым.»

Мұхтар ШАХАНОВ

«Рахымжан Отарбаев – қазақ әдебиетінде Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық жолын жалғаушы бірден-бір суреткер жазушы».

Смағұл ЕЛУБАЕВ

«Суреткерліктің тіл, стиль, форма, сюжет, т.б. формальдық жағына назар аударған адамнан үлкен жазушы шықпайды. Нағыз жазушының бойында қоғамның шындығын өнердің тілімен айта алатын батылдық болуы тиіс. Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық ерекшелігі өрнегі өзгеше өрілген шеберлік пен бояуы төгіліп тұрған суреткерлігінде ғана емес, шындықты айтудан қаймықпаған мінезінде жатыр».

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жерлесіміз, белгілі жазушы Р.Отарбаевтың шығармашылығы қаһында осы және басқа қазақ әдебиетінің алыптары лайықты бағасын берсе, демек ол рухани қазынасы арқылы мойындалған тұлға. Оның есіміне аудандық кітапхананы лайықтау жөніндегі құрманғазылықтар пікіріне көпшілік оқырмандар үн қосады деген сенімдеміз.

Атыраудың даңқты перзентінің есімін мәңгілікке қалдыру бастамасы мұнайлы астана және облыс аудандары тұрғындарының назарынан қағыс қалмай, қолдау табарынан үмітіміз мол.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT