Есеп берілді, еңбекшіліктер тілегі тыңдалды

(1 Vote)

Елдегі пандемиялық ахуалға орай есеп беру кездесулері әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы тікелей эфирде және санитарлық талаптарға сай өткізілуде.

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен кезекті жиында Еңбекші ауылдық округінің әкімі Руслан Әмірханов округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында өткен жылы атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Жетістіктерімен қатар проблемалық мәселелерді де жеткізді. Бала санының өсуіне орай Еңбекші орта мектебіне жаңа немесе қосымша ғимарат салуды қажет етеді. Жұмекен ауылдық емханасы әбден тозып құлау қаупінде тұр. Сурхан, Қадыр өзендерінің түбін тереңдету, Мальцев каналын қазып, Шарон өзеніне қосу жұмыстары – кезек күттірмейтін істердің бастысы. Бұл жөнінде ұзындығы 43 шақырым өзекті тереңдетуге ұсыныс берілді, қазіргі уақытта жобалау жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, округ әкімі ауылішілік асфальт жол салу, зираттарды қоршау, түнгі көше жарықтарын орнату, жабық типті спорт кешенін тұрғызу сынды мәселелерді назарға берді.  

Аудан әкімінің кеңесшісі Наурызбай Бисенғалиев округ әкімшілігінің ғимаратындағы сенім жәшігіне ауыл тұрғындарынан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды оқыды.  Тұрмыстық қатты қалдықтар төгу орнын қоршау қажеттігі айтылды. Округ әкімі Руслан Тасмұратұлы қалдық төгетін Қосарал учаскесін қоршауға сметалық құжаттама жасақталып жатқандығын, алдағы уақытта қажетті қаражат көлемі есептелгеннен кейін бюджеттік өтінім берілетінін еске салды.  Дәулеткерей ауылының, Кадырка ауылының, Астана көшесі тұрғындарынан Сурхан, Қадыр  көпірлерінің екі жағына жаяу жүргіншілер баспалдағын салу, Кадырка ауылына автобус аялдамасын, кірме жол құрылысын жүргізу  жөнінде ұсыныстар түскен. Бұл мәселе «ҚазАвтоЖол» ҰК мекемесіне хабардар етілген. Алайда, қазіргі уақытта жүзеге асып кеткен жобаға өзгерістер енгізуге мүмкіндік жоқ екендігі туралы мекемеден ресми хат жолданып отыр. Округтің бір топ тұрғындары ауылішілік тас жолын төсеу жөнінде өтініш білдірген. Ауыл басшысы Р.Әмірханов аталмыш жол құрылысының жұмысы 2 кезеңге бөлініп отырғанын, бірінші кезекте 5 630 метрді құрайтын қажетті деп танылған орталық көшелерге жол төсеу жөнінде ұсыныс берілгенін алға тартты.

Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан ешқандай сұрақ қойылмады. Аудан әкімдігінің фейсбук әлеуметтік желісінде эфир сақталатындығы, толғандырған мәселелерін ортаға салуға болатындығы ескертіліп, сұрақтардың жауапсыз қалмайтындығы қаперге берілді.  Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Қайрат Нұртаев округ әкіміне хабарламасына сәйкес ауылда жұмыссыздықпен күресті күшейту, мал басы санын кемітпеу жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді. Өйткені, ауылда жұмыссыздық деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға өссе, қой-ешкі – 1894 басқа, түйе – 42 басқа кеміген. Сонымен бірге, Қайрат Талапұлы былтырғы жылы тұрғындар жиынында көтерілген ұсыныс-пікірлердің орындалысын тілге тиек етті.  

А.Шакупова    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521