Есболаттың есебі түгел

(3 Votes)

Ірі қара малды асылдандыру, өз төлі есебінен өсіру бағытында біраз жылдпрдан бері еңбектеніп келе жатқандардың бірі – көпке танымал жеке кәсіпкер Есболат Құбашев.

Маңдай терді осы Зеңгі баба тұқымын өсіруге арнаған малбегінің баласы сонау жылдары жекешелендіру басталып, ауыл  шаруашылығы реформаланғанда алғашқылардың бірі болып жеке қожалығын құрды, ата кәсіпті жандандыруды қолға алды. Ата-анасына, бауырларына тиесілі үлестік пайды шашауын шығармай бір шаруашылыққа біріктірді. Шыны керек, алғашында қиындықтар болды, бірақ малдың жағдайын жақсы білетіндігі, еңбекқорлығы, ұқсатымдылығы бұл кедергілерден де сүріндірмей алып шықты. Көп ізденді, облыс, республика көлеміндегі ірі қарамен айналысатындардың тәжірибесін үйренді, малды асылдандыру ісімен тыңғылықты айналысты. Кешегі кеңестік елдердің, шетелдің асыл тұқымды малдарын қарап, зерделеп, көңіліне қонымдысы өзіміздің қазақтың ақ бас сиырына тоқтамын жасады.  Түйсігі оны алдамапты, әкелінген сиырлар бірден жерсініп, біздің жердің табиғи ерекшелігіне әбден үйренісіп кетті.

Бұл күнде Есболаттың шаруа қожалығында 700 бастай ірі қара бар, оның ет бағытындағы таза асыл тұқымдысы – 200 бас. Осы кәсіппен көптен айналысып келе жатқандықтан қалғандары да жай ғана сиырлар емес, асылдануға бағыт алған будан сұрыптар. Аналық сиырлар ветеринар маманның қадағалауымен қолдан ұрықтандырылады. Өткен мал төлдету науқанында бұл еңбектері зая кетпей әр жүз аналықтан 80 бұзау алынып, шығынға жол бермей өсірудің барлық қарекеті жасалды. Асылдың аты асыл қазірдің өзінде-ақ анау-мынау тайыншаңды жібермейді. Шаруашылық жаз бойына Сурхан каналының бойын жайлайды, қыстаққа Көкарана өңіріне, Комсомолск, Ленкосаға түседі. Жаз мезгілінде аталған каналдан су ішсе, қыста техникамен тасымалданып, құдыққа құйылып суғарылады. Малдың бойдағы, аналықтары бөлек-бөлек бағылады. Асыл тұқымдылары жүз-жүзден бөлініп, арнайы күтімге алынған. Серік, Жұмабек есімді бақташылары шаруаға әбден ысылған жігіттер, жылдың қай маусымында қалай бағу керектігін өте жақсы біледі. Шаруашылық басшысы да оларға дән риза, еңбекақыларымен уақтылы есептесіп, азық-түлікпен, күнделікті қажетті керек-жарақпен қамтып еш режітпейді.

Қажетті пішен өздерінің күшімен Комсомолск, Сарсенск, Қали төбе телімдерінен дайындалады. Шөп шабушылар бригадасында Құбашев Қайырболат, Абдолов Фархад, Абдолов Жандарбек, Укаев Сергей сияқты 7-8 механизатор жігіттер бар. 6-7 трактор болып, мал азығын дайындау бағытындағы барлық жұмыстарды қамшы салдырмай атқарады. Олардың жаз бойғы тынымсыз еңбегінің айқын дәлеліндей қыстақ маңына қыздың жинаған жүгіндей ұқыпты текшеленген маялар куә. Есболаттың жеке қожалығында 20 адам тұрақты жұмыс жасайды.  Мал төлдету, пішен шабу сияқты қарбалас кезеңде  ауылдастардан төрт-бес жігіт қосымша тартылады. Шаруашылық жылына 20-25 тоннадай сапалы ет өндіреді, өнімдерімен ауыл, аудан тұрғындарын қамтамасыз етеді, қажет кезде облыс орталығына да апарады. Бұрынырақта ауылдан тұшпара жасау цехын ашқан болатын, қазір бұл кәсіп көзі істемей тұр. Өзін өзі ақтамайтын көрінеді, тұтынушылар таза еттен дайындалған өнімнен гөрі Ресейдің түрлі қоспалар қосылған азанқолды тұшпарасын таңдайды. Әрине, жақсы, сапалы деп емес, қалтасын қақпайтын қолжетімді болғасын да.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT