Есімдерің ел жүрегінде

(0 Votes)

Жалпыұлттық Аза тұту күнін жариялауы Президенттің ойлы шешімі.

Мынау атың өшкір Тәж болмай кеткір вирус Тәуелсіздігін тіктеп, ормандай толысқан сәтімізде сетінетіп, селдіретіп кетті: Қайғы шекпеген, қара жамылмаған ауыл-мекен жоқ. Алып шаңырағымыздың уығы сықырлап тұр. Құрманғазы, Дина туған күй елі де күңіреніп, күрсініп қалды.

Жақсылар мен жайсаңдар, жүрекке ыстық жандар қаз-қатар кетті. Күрең шайымен күлімдеп қарсы алатын Әлия Өтегенқызы жеңешем, нұр жүзі шуақтаған ҚР Халық емшісі Нұртай Бәженов іншегім, күні кеше үйінде туған күнін атап өткен, ауданның Құрметті азаматы Шайхатолла Жәлелов дос, ауылдастар Самат, Зариф Құрманбаевтар, батыр Хиуаз ауылындағы аталас ағам Иманғали Меңдіғалиев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Тілек Айтқалиев аға, тағысын тағы сәлемі түзу, ниеті оң ауылдастарым, пандемиядан екі өкпесі талықсып, жанары жәудіреп көз жұмған отандастарым, Алла алдарыңнан жарылқасын арттарыңда қалғандар шорт үзілген ғұмырларыңның жалғасы болғай!

Жанар жассыз безергенімен, есесіне жүректен қан тамшылайды. Бірлігіміз бүтін болсын деуден басқа қолдан не келер?

Бүгін де үш өлең жазылып қалыпты.

Соның бір шумағы:

"Қалам серік, отырасың толғанып,

Аяқ асты болса мейлі, жол қамы...

Тәуелсіздік Тәңіріммен бір жасап,

Көк шалғыным орылмаса болғаны. "

Көк Туымыз түсірілсе, рухтарыңа құрмет, қайыра шалқығай!

Есімдерің ел жүрегінде мәңгілік, аяулы жандар!


Таңатар Дәрелұлы,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, журналист-жазушы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521