Ерлікке бейбіт күнде де орын бар дегендей, мұзға ойылған баланы құтқарып қалған азаматтың оқиғасы кезінде әлеуметтік желі белсендісі Серік Баязитовтың жазбасынан кейін көпшіліктің құлағына жеткен еді. Ойланбастан көзсіз ерлікке барған оны медальмен марапаттау мәселесін де сол кезде көтерген болатын. Осындай ұсыныспен тиесілі органдардың біразына да шықты. Міне, арада жыл жарым уақыт өткенде ерлік ескеріліп, марапат иесін тапты.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінде бейбіт күннің батыры атанған Құрманғазы ауылының тумасы Ертөстік Халеновке «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен берілген Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалін табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шарада бөлім бастығы Әділ Қоңқаев жеке құрам атынан марапат иесіне үлкен ризашылығын білдірді. Аталған медальды батырдың өңіріне азаматтық қорғау қызметінің ардагері Сәкен Хабибуллин қадады.
Ерлігі ескерілген Ертөстік Халуұлы мұндай жағдаймен жиі бетпе-бет келетін құтқарушылар алдында сол күннің оқиғасын айтып беріп, әрқашан адам жанын арашалауға дайын тұрыңдар деген тілегін айтты.
Қуаныш ЗАЙЫРОВ