Ертегітерапия

(0 Votes)

Адамдардың материалдық байлыққа құштар болуы рухтың әлсіреуіне әкеліп соғуда.

Дүниеқұмарлық пен қатыгездік, эгоизм мен іштарлық күшейіп, рухы әлсізді азғындық халге жеткізеді. Мұның соңы экологиялық апаттарға әкеліп соғуы бек мүмкін. Өркениеттің бұл дағдарысынан шығу үшін адамзат қоғамы табиғатқа қамқор боларлық гуманистік ноосфералық ой-сана қалыптастыру керек. Ол үшін ұлттың өзіне тән тарихи-мәдени мұралары мен рухани қазынасын жаңғырту керегі айтпаса да түсінікті. Өркениет күш алған тұста адамның табиғи сезімдері сусыз қалған гүлдей қурай береді. Бала тұрмақ, үлкендердің өзі кітаптан алыстай береді. «Кітап-білім бұлағы» десек, ертегітерапияның бүгінгі күнде қажеттілігі сөзсіз. Ұлттың рухани иммунитеті рухани байлықтың аса маңызды бір бөлігі, ол жанға азық болар жақсы кітаптан дариды. Адамға денсаулық өте қажет. Денсаулықты сақтайтын қорғаушы күш иммунитет деп аталады. Егер баланың сана-сезімі, дүние танымы дұрыс бағытта дамысын десек, оның жан дүниесінің иммунитетін яғни рухани иммунитетін күшейтуге тура келеді. Ертегі, соның ішінде өз халқының төл ертегілері баланың бойында рухани иммунитет қалыптастырудың алғашқы сатысы. Ертегі –біздің рухани, мәдени мұрамыз.

Ертегі барлық халықта бар. Ертегі оқиғаны ғажайып ситуациялармен әсірелеп, әсерлі етіп баяндап, тыңдаушыға эстетикалық тәрбие береді. Жалпы ертегінің танымдық-тәрбиелік ролі өте зор . Ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен халықтық ертегілерден басқа әдеби ертегілер, яғни белгілі бір сюжетке негізделген әңгіме түріндегі шығармалар да бар. Бұның табиғаты халық ертегілерінен бөлектеу және авторлары болғандықтан, олар авторлық ертегілер деп аталады. Авторлық ертегілерді бүгінгі заман ертегілері деп атасақ та болар. Ертегі көркем шығарма болса, ертегітерапия ертегінің қасиетін танытатын технология.

Ертегітерапия – психотерапияның құрамдас бөлігі. Батыстың дәрігерлері ертегітерапияның бала денсаулығына пайдалы әсері барын жазуда. Бұл біздің халық үшін жаңалық емес. Қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетіледі. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтық үрдіс, халықтық дәстүр.

«Ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын", – деген екен Бауыржан Момышұлы.

Әр баланың да ең алғашқы досы – ертегі. Бесік жырынан бастап ауыз әдебиетінің құнарымен, әжесі мен анасынан естіген әуезді әнмен, әсерлі ертегі-әңгімемен өскен баланың көркемдік әлемі ерекше болып қалыптасатыны ғасырлар бойғы қазақ тарихында дәлелденген жарқын мысал. Бауыржан Момышұлының да уайым қылғаны осы жайт.Ертегінің мағынасын түсінген балаға болашақта сөз қадірін ұғу, әдемі шешен сөйлей білу, көркем ойлау қасиеті даритыны сөзсіз. Сондықтан тәрбие ісінде ертегітерапияның маңызы зор.

Маржан Ершу,

"Кітапхана педагогикасы :Ертегітерапия" кітабынан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT