«Ерте үзілген жас ғұмыр»

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық музейі және орталықтандырылған кітапхана жүйесі Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Қадірбек Өмірбаевтың туылғанына 60, Бауыржан Бегәлиевтің туылғанына 55 жыл толуларына орай осындай тақырыпта еске алу шарасын ұйымдастырды.

Тағылымды кездесуге марқұмдардың туыстары, бауырлары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, Ауған соғысы ардагерлері мен мектеп оқушылары шақырылды.

img_9625

Шара батыр боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев ерлік, елдік тақырыбында сөз сөйледі. Музейдің тарихшы маманы Жазира Мадирова бүгінгі шараға орай екі жауынгердің өмірдеректері мен фото-құжаттардан жасақталған көрмемен таныстырды. - Қадірбек Өмірбаев 1960 жылдың 2 тамызында қазіргі Дәулеткерей ауылында дүниеге келген. Орлы орта мектебінен онжылдық білім алып шыққан соң қысқа мерзімдік тракторшылар даярлайтын курстан өтіп, Партияның ХХV съезі атындағы кеңшарда еңбек жолын бастады. 1979 жылдың 8 мамырында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, алғашында Ленинград қаласында әскери қызметте болып, желтоқсан айында Ауған жеріне жіберіледі. 1980 жылдың 26 сәуірінде Қадірбек Тиринкот елді мекені маңындағы ұрыста ауыр жараланғанына қарамастан қандыкөйлек қаруластарын жау оғынан қорғау мақсатында соңғы демі қалғанша шайқасады. Бұл ерлігі туралы сол күні аман қалған қырғыз жігіті Әли 1989 жылы Қадірбектің рухына тағзым етуге келген сапарында айтқан болатын. Интернационалдық борышын өтеуде қаза тапқан Қадірбек Өмірбаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Жұмекен ауылының бір көшесіне оның есімі берілді.

img_9626

img_9617

Бегәлиев Бауыржан Мәжитұлы 1965 жылдың 22 желтоқсанында Қадір ауылында көп балалы отбасында өмірге келді. Абай атындағы орта мектепті бітірген соң обаға қарсы күрес стансасына жұмысқа тұрады. 1984 жылдың сәуір айында әскер қатарына шақырылып, қараша айында Ауғанстанға аттанады. Ол қызмет еткен 58-ші автобригаданың 466-шы автобатальоны Хайратон елді мекенінде орналасқан еді. 1985 жылдың 12 сәуірінде кезекті жүк жеткізу тапсырмасын орындау сәтінде жау оғының астында қалып мерт болады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1985 жылғы 25 қазандағы Жарлығымен берілген «Қызыл Жұлдыз» ордені батырдың ата-анасына табысталды. Бауыржан оқыған Каспий мектебі және Құрманғазы және туған ауылындағы екі көше оның есімімен аталды.

img_9616

Шарада сөз алған Бауыржанның ағасы Қазихан Мәжитұлы інісі туралы тағылымды естеліктер айтып, оның қайғылы қазасы анасына өте ауыр тиіп, бір жылдан соң дүние салғанын өкінішпен еске алды. Балжібек Тастанқызы жақын туыс болып келетін ағасы Қадірбектің Ауған жерінде екенін ешкімге айтпағанын, тек 1980-ші жылдың мамыр мерекесі кезінде табыты туған жеріне жеткізіліп, құрметпен жер қойнына берілгенін, жалғыз баласынан айырылу анасы Нұрғанымға қиын соққанын айтып өтті.

img_9620

Ауған соғысының ардагерлері Темірболат Зинетуллин мен Айжарық Сақташов жат жердегі соғыста үш жерлесіміздің де сәуір айында оққа ұшқанын айтып, сәуірді өздері арасында қаралы ай деп санайтынын, өскелең ұрпақ жарияланбаған соғыстың қайғы-қасіретін де, оның құрбандарын да ұмытпауға тиістігін қаперге берді.

img_9627

Шара барысында аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкері Меңдісұлу Меңдіханқызы Ауған соғысы жайында жазылған кітаптарға слайд шолу жасады. Мәдениет үйінің өнерпазы Жазира Сәрсенғалиева «Туған жер» әнін орындаса, Абай атындағы орта мектептің оқушысы Нұрмұхамед Еркінұлы «Жауынгер хаты» монологын оқыды. Аудандық музейдің меңгерушісі Жазира Хайрошева еске алу кешін қорытындылап, арнайы шақырылған қонақтарға ескерткіш хат пен сыйлықтар табыстады.

img_9630

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521