«Интернационалдық борышын өтеу керек» деген үкіметтің өкінішті ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жерінің топырағын басып, дәмін татты.
1979 жылы осы ана сүті ауыздарынан кетіп үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді.
Ауғанстандағы 10 жылға созылған сол соғыстың жарасы әлі күнге жазылмайтыны белгілі. 15 ақпан күні Кеңестер Одағының әскері ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толады.
Облысымыз бойынша сол жылдары әскерге шақырылған жас жігіттердің ішінде Ауған жеріндегі қанды қасапқа Гурьев облысынан 536 адам, ал біздің ауданнан 89 жігіт аттанды. Өз ауданымыздағы жағдайды ой елегінен өткізсек, сол ауған соғысының ардагерлерінен арамызда 30-дан астамы ғана қалды. 3 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Қалғандарының ішінде де кейбіреуі жарақаттан көз жұмса, өзгелері әртүрлі себептермен өзге облыстарға қоныс аударған.
Ерлікпен қаза болғандардың бірі – Өмірбаев Қадірбек ағамыз еді. Мектепті, содан кейін кәсіптік-техникалық училищені аяқтаған ол ХХV партсъезд кеңшарында тракторшы болып жүргенде 1979 жылы мамырда әскер қатарына шақырылады. 20 жастан асқанда жас жауынгер бір елді мекен маңындағы соғыста ерекше көзге түсіп, жаудың бірнеше әскерін жояды. Сонымен қатар, ол жаралы екі жауынгерді және командирді ұрыс даласынан алып шығады. Әттең, сол кескілескен ұрыста қайран ер мәңгілікке көз жұмады.
Айнагүл Шакупова